Павлодар облысының алдағы үш жылға арналған бюджеті бекітілді

ПАВЛОДАР. ҚазАқпарат - Облыстық мәслихат сессиясында қаралған 2021-2023 жылдардың бюджеті өңірді дамытудың негізгі бағыттарын айқындап, әлеуметтік салаға басымдық береді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Павлодар облысының алдағы үш жылға арналған бюджеті бекітілді

Облыс әкімдігі баспасөз қызметінің мәліметінше, 2021 жылға арналған облыстық бюджеттің көлемі республикалық қазынадан берілетін трансферттер мен кредиттерді есепке алғанда (93,2 млрд теңге) 314,6 миллиард теңгені құрайды, бұл осы жылдың бюджетінен 3,6%-ға көп.

- Бюджетті үлестіру кезінде әлеуметтік салаға басымдық беру үрдісі сақталды. Білім беру, денсаулық сақтау жүйелерін дамыту, бұқаралық спортты насихаттау және мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік қолдау негізгі бағыттар болып қалады,-дейді экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Ирина Назарчук.

Алдағы жылы Павлодарда «Сарыарқа» шағын ауданында мектеп тапсырылып, «Достық» шағын ауданында оқу орнының құрылысы басталады.

Екі мектеп жалпы 1 850 оқушыға есептелген. Сонымен қатар өңірдегі оқу орындарына қосымша құрылыс нысанын салу жұмысы жалғасады. Үш жыл ішінде осындай 9 корпус тапсыру жоспарланып отыр.

Бұл шаралар облыс мектептеріндегі оқушы орындарының тапшылығын тоғыз есе азайтуға мүмкіндік береді.

Жыл сайын 17 мектепке күрделі жөндеу мен жабдықтауды көздейтін «Заманауи мектеп» бағдарламасы да тоқтатылмайды.

- Павлодар қаласының №1 ауруханасы негізінде гибридті операция жасау бөлмесін құру, облыстық кардиологиялық орталыққа арналған емхана ғимаратын салу және ауылдағы алғашқы медициналық көмекті дамыту жоспарланып отыр. 2023 жылға қарай медициналық мекемелерді 93%-ға дейін жабдықтап, жөндеуді қажет ететін медициналық мекемелер үлесін 19% - ға дейін азайту көзделіп отыр, - деді Ирина Назарчук денсаулық сақтау жүйесін қаржыландыруға қатысты.

Тұрғын үй құрылысына келетін болсақ, 2021 жылы Ақсу қаласында екі, ал Екібастұз бен Павлодарда үш көпқабатты тұрғын үй салу жоспарда бар.

Павлодар мен Екібастұзда «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы бойынша тағы екі көпқабатты үй салынады.

Бұдан өзге «ЖҚЖК» аясында 2021 жылы құрылыс немесе әлеуметтік-инженерлік инфрақұрылымды жөндеуге қатысты 18 жоба іске асырылмақ.

- Келесі жылы 200 шақырымға жуық жолды жөндеу жоспарланған. Алдағы үш жыл ішінде жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы жолдардың үлесі 91%-ға дейін артады деп отырмыз. Бұдан басқа, ауыл тұрғындарының сапалы ауыз сумен 2023 жылдың соңына дейін қамтамасыз етеміз, яғни бұрынғы жоспарды екі жыл бұрын орындау міндетін қойдық,-деп Павлодар облысының әкімі Әбілқайыр Сқақов депутаттармен жоспарларымен бөлісті.

2021 жылы бюджеттен жалпы 113 жобаға қаржы бөлінеді. Бюджет туралы толығырақ облыстық мәслихат сессиясының бейнетрансляциясынан білуге болады.