Павлодар облысының Астанадағы жәрмеңкесінде 700 тоннадан астам өнім жеткізілмек
Атап айтқанда, 26-27 қыркүйекте қаладағы «MEGA» сауда ойын-сауық орталығына қарама-қарсы алаңда аталған өңірдегі ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің қатысуымен жәрмеңке өтеді. Биыл Павлодар облысынан 100-ден астам қайта өңдеу кәсіпорындары мен фермерлер 184 млн. теңгенің 730 тонна өнімдерін алып келеді. Барлық өнімдер бөлшек бағалардан 15-20 пайызға төмен саудаланады. Белгілі болғандай, ет пен еттен жасалған өнімдер -108 тонна, сүт өнімдері - 25 тонна, картоп - 300 тонна, көкөністер мен бақша дақылдары - 490 тонна, ұн -20 тонна, күнбағыс майы - 18 тонна, бал -3 тонна, сондай-ақ басқа да өнімдер бар. Айта кетейік, Қазақстан аймақтарының ауыл шаруашылығы өнімдері жәрмеңкелері Астанада азық-түлік өнімдеріне бағаны тұрақтандыру мақсатында ұйымдастырылуда. 20 тамыздан бері қалада апта сайын бірқатар облыстардың жәрмеңкелері өткізілді.