Павлодар облысының қоғамдық көліктерінде санитарлық талаптар бұзылып отыр

ПАВЛОДАР. ҚазАқпарат – Өңір тұрғындары қоғамдық көлік ішінде әлеуметтік қашықтықты сақтамай, маскаларды дұрыс тақпай жүр, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Павлодар облысының қоғамдық көліктерінде санитарлық талаптар бұзылып отыр

«Павлодар облысының қоғамдық көліктерінде санитарлық талаптарды бұзу тіркелген: мұнда әлеуметтік арақашықтық сақталмайды (автобус, бағдарлы такси адамдарға толы), маска тағу режимі бұзылған (маскалар дұрыс емес тағылуда немесе мүлдем маскасыз жүргендер бар). Бұл тұрғындар арасында коронавирус инфекциясының таралуына әсер етіп, аймақтағы эпидемиологиялық жағдайдың нашарлауына соқтырады», - деп хабарлады Павлодар облыстық санитарлық-эпидемиологиялық департаментінен.

Өңір эпидемиологтары коронавирусқа қарсы екпе салдырту көпшілік орындарда маска тағу режимін жоққа шығармайтынын атап өтті. Адамда COVID-19 вирусына қарсы вакциналаудан кейін иммунитет шамамен 32–45 күннен кейін, ең көбі – 56 күннен кейін қалыптасады.

Санитарлық-эпидемияға қарсы, санитарлық-алдын алу іс-шараларын ұйымдастыру үшін Павлодар облысы Бас санитарлық дәрігерінің 24 мамырдағы қулысы бойынша ғимараттар мен ашық ауада медициналық немесе матадан тігілген маскаларды міндетті түрде тағу қарастырылған.

«Бұл талаптарды барлық жеке және заңды тұлғалар орындауы тиіс. Бұзушылық фактілері анықталған жағдайда, ҚР ағымдағы заңнамасына сәйкес тиісті шаралар қолданылады. Сіздерден азаматтық естиярлық танытып, арнайы шектеу шараларын ұстануды сұраймыз», - деп қосып өтті департаменттен.