Павлодар облысының көктемгі егіс науқанына дайындық басталды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Павлодар облысының әкімі Болат Бақауовтың Ертіс ауданына жасаған жұмыс сапары аясында астық егуші аудандардың әкімдерімен, аймағымыздың шаруа қожалықтары басшыларымен жылдың ең маңызды науқандарының бірі - көктемгі егіс жұмысына дайындық және оны өткізу мәселесі жөнінде көшпелі агрокеңес өтті.

Павлодар облысының көктемгі егіс науқанына дайындық басталды

Облыс әкімдігі баспасөз қызметінің хабарлауынша, биыл егіс алқабының көлемі 49,0 мың гектарға дейін ұлғайтылып, 1193,8 мың гектарға жетеді.

Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Сержан Қалиақпаровтың айтуынша, мал шаруашылығы саласын дамытуға байланысты облыста басымдықты, яғни азықтық, жармалық, майлы дақылдардың егіс алқабын арттыру жоспарланып отыр. Сондай-ақ биыл 380,0 мың га жерде егінді ылғал сақтау технологиясы бойынша егу көзделген, оның ішінде 85,0 мың га жерде минералды тыңайтқыштар қолданылмақ, ал бұл дәнді және майлы дақылдардың көктемгі егісінің 6 %-н құрамақ.

Оған қоса, облыстың шаруашылық субъектілері 2016 жылғы егіске ауыл шаруашылығы дақылдарының 125,7 мың тонна тұқымын немесе жоспарлық қажеттіліктің 115%-ын төгіп қойған. Бүгінде дәнді және дәнді-бұршақты дақылдармен қамтамасыз етілуі - 119 %,  атап айтқанда: майлы дақылдар - 96 %, картоп - 109%, азықтық дақылдар - 55 %. «Қазагрэкс» АҚ-ның Павлодардағы филиалының зертханаларына толық талдауға 64 мың тоннадан астам тұқым немесе тұқым құюдың 59,3%-ы келіп түсті. Олардың ішінде 62,8 мың тоннасы немесе 94 %-ы тексеріліп, кондицияға сәйкес деп танылды.

Көлік-трактор паркінің даярлығы 94%, ауыл шаруашылығы құралдарының даярлығы - 92%. Биыл 363,2 млн теңгенің 36 техникасы сатып алынды, оның ішінде 33 техника «ҚазАгроФинанс» АҚ-ы арқылы 348,1 млн теңгеге сатып алынды.

Сондай-ақ, кеңесте ауыл шаруашылығына арналған жерлерді тиімді қолдану, шаруашылықтарды тұқыммен қамтамасыз ету, ауыл шаруашылығы дақылдарының тұқымын тексеру мәселелері талқыланды.