Павлодар облысының мектептерінде бір мезгілде Мемлекеттік ту көтеріледі
ПАВЛОДАР. ҚазАқпарат - 1 қыркүйек күні Павлодар облысының барлық мектептерінде бір мезгілде Мемлекеттік туды көтеру рәсімі өтеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат pavlodarnews сайтына сілтеме жасап.
Білім беру бөлімі басшысының орынбасары Людмила Казанцеваның айтуынша, Павлодар облысының мектептерінде алғашқы рет бір уақытта Мемлекеттік ту көтеріледі. Білім беру мекемелерінде салтанатты жиындар 1 қыркүйек күні сағат 10.00-де басталады.
«Алғаш рет павлодарлық мектептерде флагштоктар орнатылды. Білім күні Туды көтеру мәртебесі мектептердің үздік оқушыларына беріледі. Олардың арасында халықаралық, республикалық және облыстық олимпиадалардың жеңімпаздары мен мектеп белсенділері бар. Флагштоктың биіктігі 3,5-4 метр», - деді Людмила Казанцева.
Айта кету керек, биыл мектеп табалдырығын алғаш 5122 оқушы аттайды. Ал 11-ші сыныпты мыңнан аса түлек тәмамдайды. Павлодар қаласында 5579 ұстаз еңбек етеді. Олардың 2851-і мектептерде, 2275-і мектепке дейінгі білім беру мекемелерінде, 453-і мектептен тыс мекемелерде жұмыс істейді. Биыл сынып сағаттары «Мен өз елімнің патриотымын» тақырыбында өтіп, оған мектептің табысты түлектері қатысатын болады.
Жалпы Ертіс өңірінде 362 мектеп бар.