Павлодар өңірінде киік атқан браконьерлер ұсталды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Павлодар облысында Қазақстанның Қызыл кітабына енгізілген киік аңын атып алған браконьерлер ұсталды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі Павлодар облысының ІІД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Ведомствоның хабарлауынша, 29 қазан күні табиғатты қорғау полициясы Май ауданында рейдтік жұмысты жүргізу барысында Алқамберген өзенінің бойында «Toyota Hilux Surf» автокөлігін байқап тоқтатқан. Автокөліктің салонында 27, 32 және 33 жастағы үш азамат отырған.
«Құқық қорғаушылар олардың көлігінен тегіс ұңғылы қару, пышақ, оқ атылған гильзаларды тапқан. Сонымен бірге, аумақты тексеру кезінде автокөлік тоқтатылған маңнан мүйіздері кесілген екі киіктің өлігі табылған», - деп хабарлайды ведомствоның баспасөз қызметі.
Облыстық ішкі істер департаментінің баспасөз қызметінің ақпаратына сәйкес, браконьерлер киіктің үйірін көріп қалып, екеуін атып алып, мүйіздерін кесіп алғаннан кейін өліктерін лақтырып тастап кеткен. Қазіргі уақытта аталған оқиғаның толық мән-жайы анықталып жатыр.