Павлодар өңірінде 100 мыңның үстінде киік бар

ПАВЛОДАР. KAZINFORM — Бетпақдала популяциясына жататын жабайы жануарлар Баянауыл мен Май аудандарының аумағын мекендейді. Оларды егістік жерлерден далалы аумақтарға қарай айдау жұмыстары ұйымдастырылуда.

киік
Фото: ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігі

Мамандардың айтуынша, киік санының көбеюіне жануарларды қорғау шараларының қолға алынуы және климаттық жағдайдың қолайлы болуы әсер еткен. Сондай-ақ биыл ақбөкендер көбіне егізден төлдеген. Жануарлар жаппай қоныс аударған кезде ауыл шаруашылығы алқаптарына зиян келтіруі мүмкін. Осыған байланысты Май ауданында жануарларды егістік жерлерден жайылымға қарай айдау жұмыстары ұйымдастырылған.

Көктөбе орманшылығының шебері Ерік Түсіповтің айтуынша, соңғы жылдары егістік жерлер мен жаңадан егілген дақылдарды сақтау үшін киіктерді жайылымға қарай айдау жұмыстары жүргізіліп келеді.

— Егістік жерлер мен жаңа шыққан дақылдарды сақтау үшін соңғы жылдары жануарларды жайылымға қарай айдаумен айналысып келеміз. Бақылауда 46 мың гектар аумақ бар. Биыл бұл жұмысқа 50 адам, 13 патрульдік көлік және екі жүк көлігі жұмылдырылды. Топтар вахталық әдіспен жұмыс істейді, — дейді ол.

Бұған дейін Павлодар облысында киіктердің саны бір жылда төрт есе өсіп, 120 мыңға жеткенін жазғанбыз. 

Биылғы көктем мезгілінде киіктер жылдағыдан көп қырылып, Павлодар фермерлері індеттен үрейленіп отырғаны туралы мәселе көтергенбіз.