Павлодар өңірінде медициналық диагностикалауда ЖИ қолданыла бастады

ПАВЛОДАР. KAZINFORM - Павлодар облысында жасанды интеллект қолданылатын бірыңғай телерадиология жүйесі енгізілді. Жүйе дәрігерлерге медициналық кескіндерді қашықтан талдауға, зерттеу нәтижелерімен алмасуға және ықтимал өзгерістерді анықтау үшін ЖИ технологияларын пайдалануға мүмкіндік береді.

денсаулық, медициналық диагностика
Фото: Валерий Бугаев

Облыстық онкологиялық диспансердің телерадиология ахуалдық орталығында (PACS) заманауи цифрлық жүйе қолданыла бастады. Емдеу мекемесі заманауи медициналық жабдықтармен 98% қамтамасыз етілген.

Олардың қатарында 64 кескінді компьютерлік томограф, қуаты 1,5 Тесла магниттік-резонанстық томограф, бейнеэндоскопиялық кешендер, С-тәрізді доғалы рентген аппараты, радиожиілікті абляция аппараты және шағын инвазивті оталарға арналған жабдықтар бар. Сондай-ақ диспансерде америкалық VARIAN компаниясының VitalBeam желілік үдеткіші орнатылған.

а
Фото: Валерий Бугаев

Қазіргі уақытта өңірде ЖИ қолданылатын бірыңғай PACS/RIS телерадиология жүйесін енгізу жұмыстары толық аяқталған. Жүйе 22 медициналық ұйымды қамтиды және «Дамумед» пен «Надежда» ақпараттық платформаларымен біріктірілген. Жүйеге рентген аппараттары, флюорографтар, маммографтар, компьютерлік және магниттік-резонанстық томографтар, ангиографтарды қоса алғанда, 96 диагностикалық жабдық қосылған. Бүгінде цифрлық мұрағатта 60 мыңнан астам зерттеу нәтижесі жинақталған.

ы
Фото: Валерий Бугаев

- Заманауи цифрлық технологиялар медицина қызметкерлерінің жұмысына нақты нәтиже беріп жатқаны маңызды. Олар дәрігерлердің мүмкіндіктерін кеңейтіп, тексерісті жедел жүргізуге және қашықтыққа қарамастан әріптестерінен кеңес алуға мүмкіндік береді. Ең бастысы - бұл бүкіл облыс тұрғындарына, соның ішінде шалғай аудандарда тұратын азаматтарға медициналық көмектің қолжетімділігі мен сапасын арттырады. Біз ауруларды дер кезінде анықтауға және өңір тұрғындарының денсаулығын сақтауға ықпал ететін осындай жобаларды алдағы уақытта да қолдайтын боламыз, - деп атап өтті облыс әкімдігінен.

п
Фото: Валерий Бугаев

Жүйенің толыққанды жұмыс істеуі үшін рентгенолог дәрігерлерге арналған 53 жұмыс станциясы, 49 медициналық диагностикалық монитор және рентген-зертханашыларға арналған 62 компьютер іске қосылған. Сонымен қатар баламалы жабдықтарға арналған 14 цифрландыру құрылғысы мен маммографтарға арналған екі цифрлық детектор орнатылған. Жаңа жүйемен жұмыс істеу бойынша 148 медицина маманы оқытудан өткен.

Еске сала кетейік, Қытай жасанды интеллектіні қауіпті ауа райын болжауға үйретті.