Павлодар өңірінде шөптің бір орамасы қанша тұрады
ПАВЛОДАР. KAZINFORM - Облыста мал азығын дайындау жұмыстары толық аяқталған. Қазіргі уақытта шөптің бір бумасы орташа алғанда 1 мың теңге, ал бір орамасы 10 мың теңге тұрады.
Ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметінше, алдағы қыста малды азықпен қамтамасыз ету үшін 1 млн 316 мың тонна шөп қажет. Жоспар 100,5 пайызға орындалды.
- Өңірде мал азығының басқа түрлері бойынша да қажетті көлем толық қамтамасыз етілген. Атап айтқанда, 326,5 мың тонна сабан, 112,7 мың тонна пішен, 242,1 мың тонна сүрлем және 220 мың тонна құрама жем дайындалды. Қыстақтарға 491,8 мың ірі қара, 652,6 мың ұсақ мал және 316,2 мың жылқы кіреді, - деп хабарлады басқармадан
Мамандардың есебінше, ірі қараны қыста күтіп-бағу мерзімі 210 күнге, ал ұсақ малдікі 200 күнге созылады.
Қазіргі уақытта облыс бойынша құрама жемнің орташа бағасы тоннасына 80 мың теңге болса, кебектің бір тоннасы 70 мың теңгеден сатылып жатыр.
Өткен жылдардан қалған мал азығы қоры да бар. Атап айтқанда, 225,1 мың тонна шөп, 11 мың тонна пішен, 32 мың тонна сүрлем және 28,1 мың тонна құрама жем сақталған.
Еске сала кетейік, Қазақстанда 41 млн тоннадан астам жемшөп дайындалды.