Павлодар өңіріндегі ауылдарда ауызсу сынамаларының 150-ден астамы талапқа болмай шықты

ПАВЛОДАР. KAZINFORM - Павлодар облысында жыл басынан бері ауызсумен жабдықтау жүйелерінен алынған 3 790 сынама зертханалық тексеруден өткен. Оның 4,1 пайызынан санитариялық талаптарға сәйкес келмейтін көрсеткіштер анықталған.

Абай облысында ауыз суға қатысты заңбұзушылықтар анықталды
Фото: Pexels

Өңірлік санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Батырбек Әлиевтің айтуынша, әсіресе, Ақсу мен Екібастұз қалаларының ауылдық аймақтарында, сондай-ақ төрт ауданда ауызсу сапасына қатысты мәселелер бар.

- Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау органдары жыл басынан ауызсу сапасына мониторинг жүргізді. Зерттеу барысында су сынамалары санитариялық-химиялық, микробиологиялық және паразитологиялық көрсеткіштер бойынша тексерілді. 3 790 сынама алынып, зертханалық талдау нәтижесінде олардың 4,1 пайызында (150-ден астам жағдай) микробиологиялық және санитариялық-химиялық көрсеткіштер бойынша гигиеналық нормативтерге сәйкес келмеу деректері тіркелді, - деп хабарлады Kazinform тілшісіне Батырбек Әлиев.

Мамандардың дерегінше, ауызсудың сапасына қатысты ауытқулар көбіне органолептикалық көрсеткіштерден, темір мөлшерінен, жалпы кермектіліктен, құрғақ қалдық пен хлоридтер құрамынан байқалған. Ауызсу сапасының ең төмен көрсеткіштері Ақсу қаласының ауылдық аймағында, Екібастұз қаласының ауылдық аймағында, Тереңкөл, Аққулы, Ақтоғай және Май аудандарында тіркелген. Аталған аумақтарда талапқа сәйкес келмейтін сынамалар үлесі облыстық көрсеткіштен жоғары болған.

- Анықталған кемшіліктерге байланысты жергілікті атқарушы органдар хабардар етіліп, ауызсумен жабдықтау нысандарын пайдаланушы ұйымдарға тиісті ұсынымдар берілді. Нәтижесінде ұйымдар технологиялық жабдықтарды тексеріп, реттеу, сүзгілерді ауыстыру, су құбырлары мен құрылыстарын тазалау, шаю және дезинфекциялау жұмыстарын жүргізген. Қайталама мониторинг қорытындысы бойынша ауызсу сынамаларының көрсеткіштері гигиеналық нормативтерге сәйкес келді, - деп қосты өңірдің бас мемлекеттік санитариялық дәрігері.

Қолданыстағы заңнамаға сәйкес ауызсумен жабдықтау нысандарын пайдаланатын ұйымдар ауызсудың сапасы мен қауіпсіздігіне тұрақты өндірістік бақылау жүргізуге міндетті. Бұл жұмыс су алу орындарында, суды тарату желісіне берер алдында және ішкі-сыртқы су тарату желілерінде жүзеге асырылуы тиіс. 

Санитариялық бақылау мамандары сапасыз суды ұзақ уақыт тұтыну адам денсаулығына кері әсер етуі мүмкін екенін ескертеді. Әсіресе, құрамында химиялық заттар мен ауыр металдар мөлшері жоғары суды пайдалану асқазан-ішек жолдары, бауыр мен бүйрек қызметінің бұзылуына ықпал етеді. Ал микробиологиялық ластанған су жіті ішек инфекциялары, А вирустық гепатиті, ротавирустық және паразиттік аурулардың таралу қаупін арттырады.

Осыған байланысты мамандар ауылдық елді мекендерді сапалы ауызсумен қамтамасыз ету, су жүйелерін тиісті деңгейде пайдалану және зертханалық бақылауды жүйелі жүргізу қажеттігін айтады.

Бұған дейін Павлодар облысында ауызсудың бағасы қанша қанша тұратынын жазғанбыз.