Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Павлодар ормандарына өрттен 6 млн теңгеге жуық шығын келген

ПАВЛОДАР. KAZINFORM — Мамандар орман өрттеріне көбіне фермерлер мен жеке азаматтардың жауапсыздығы себеп екенін айтады. Жыл басынан 250-ден астам адам әкімшілік жауаптылыққа тартылған.

ы
Фото: ТЖМ

Павлодар облысындағы орман өрттерінен келтірілген шығын қазірдің өзінде 5 млн 904 мың теңгеге бағаланып отыр. Шығын көлемі өткен жылғы өрт қаупі бар кезеңмен салыстырғанда көп. Былтыр жалпы шығын 5,8 млн теңгеге болған еді.
Өңірлік төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары Қайрат Шаймарденовтің айтуынша аймақта табиғи өрттердің алдын алу және жою үшін департамент, жергілікті атқарушы органдар мен орман шаруашылығы мекемелерінің күштері жұмылдырылған. Сонымен қатар рейдтер жүргізетін 49 мобильді топ құрылған.

— Көктемнен бері мамандар 1,5 мыңнан астам тексеріс жүргізіп, 250-ден астам адамды әкімшілік жауаптылыққа тартты. Айыппұлдардың жалпы сомасы 1,5 млн теңгеден асты. Мамандарымыз шөп шабу науқанына да ерекше көңіл бөліп отыр. Шөп шабу басталғалы бері көліктегі өрт қауіпсіздігі ережелерін бұзғаны үшін 24 адам жазаланды. Айыппұл сомасы 248 мың теңгені құрады, — деп хабарлады департамент өкілі.

Тағы бір өзекті мәселе — қатты тұрмыстық қалдықтар полигондарындағы өрттер. Өрт қаупі бар кезең басталғалы мұндай 27 жағдай тіркелді. Төрт өрт дерегі бойынша төтенше жағдайлар департаменті әкімшілік хаттама толтырған. Ал 23 жағдай бойынша материалдар Экология департаментіне жіберілген.

Бұған дейін Ертіс-Баян өңірінде орман өрттері 25%-ға көбейгенін жазғанбыз.