Павлодар психоневрология орталығында балаларды көптен бері ұрып-соғып келген – прокуратура

ПАВЛОДАР. KAZINFORM – «Арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсетудің облыстық психоневрологиялық балалар орталығы» КММ-де балаларға қатігездікпен қарау оқиғалары жүйелі түрде жалғасып келген. Мәселен 2020 жылы прокурорлар аталған мекемеден мұндай 17 фактіні анықтаған.

Павлодардағы психоневрологиялық орталықта балаларды ұрып-соғу  – прокуратура
Фото: Виктор Федюнин/ Kazinform

Павлодар облысының прокуратурасы өңірдегі балалар үйлерінің бейнекамераларын тексеріп жатыр. Мұндай мекемелердің саны – 10. Прокурорлар «Арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсетудің облыстық психоневрологиялық балалар орталығы» КММ-де кәмелетке толмаған жасөспірімдерді ұрып-соғу оқиғаларының жүйелі жасалып келгенін айтады.

Бұған дейін Павлодар облысында мүгедектігі бар балаларды ұрып-соғу деректері анықталғаны туралы жазғанбыз. 

Облыс прокурорының аға көмекшісі Асхат Атикеев аталған оқиғаның жай-жапсарын кеңірек баяндап берді. Оның айтуынша, психоневрологиялық балалар орталығының бейнекамераларын қарау кезінде бір тәрбиеші-санитардың екі баланы үнемі ұрып-соғатыны анықталған. 

– Бұл мекемеде денсаулық жағдайы бойынша дәрменсіз және психоневрологиялық патологиясы бар, үнемі күтімді қажет ететін балалар емделеді. Биылғы қыркүйек айында мекемедегі 16 және 17 жастағы екі жасөспірім тәрбиеші тарапынан үнемі жазаланып келген. Ұйқыға жатар кезде оларды ұрып-соққан. Келеңсіз жағдай бейнекамераға түсіп қалған. 2020 жылы прокурорлар аталған орталықта мүгедек балаларға қатігездікпен қараудың 17 фактісін анықтаған еді. Алайда жағдай қазір де өзгермегені байқалады. Біздің мамандарымыз қазіргі уақытта бейнекамералардағы жазбаларды қарауды жалғастыруда. Соңынан қорытындысы жария етілетін болады, - дейді А.Атикеев. 

Жасөспірімді ұрып-соққан қызметкер бүгінде жұмыстан шеттетілген. Аталған орталықта бүгінде 60-қа жуық бала тұрақты ем алады. 

Еске сала кетейік, Екібастұзда екі студентті әлдебіреулер аяусыз ұрып-соққан. 

Соңғы жаңалықтар