Павлодар-Семей автожолында жол апатынан ер адам көз жұмды

Алматы
Фото: Kazinform

ПАВЛОДАР. KAZINFORM - Оқиға өткен түнде Қарақала ауылының маңында болған. Апат салдарынан дене сүйегі бірнеше жерден сынған жүргізуші ауруханада қайтыс болды.

Павлодар-Семей автожолында жеңіл көлік қатты жылдамдықпен келе жатып жол шетіне түсіп кеткен.

Бұл туралы өңірлік жедел жәрдем стансасынан хабарлады.

«Апат салдарынан көлік жүргізушісінің дене сүйектері бірнеше жерінен сынып, ауыр жарақат алған. Жедел жәрдем бригадасы 28 жасар азаматты Аққулы аудандық ауруханасына жеткізді. Алайда зардап шеккен азаматты аман алып қалу мүмкін болмады», - деп мәлімдеді жедел жәрдем стансасынан.

Өткен демалыс күндері облыстағы 103 қызметінің медициналық бригадалары ірі жол-көлік апаттары бойынша 4 шақыртуға барған. Екібастұз қаласы мен Майқайың кенті арасындағы жолда автокөлік жолдан шығып кетіп, 3 адам зардап шексе, Омбы жолындағы автокөліктердің соқтығысуынан 2 адамның денсаулығына зиян келген. Бұдан бөлек облыс орталығындағы жол-көлік апатынан 57 жастағы әйел жарақат алып, ауруханаға жатқызылды.

Соңғы жаңалықтар