Павлодар соты зейнеткердің үйіне қарақшылық жабуыл жасаған 19 жастағы бозбалаға қатысты істі қарастыруда
ПАВЛОДАР. 29 мамыр. ҚазАқпарат - Павлодар қаласының № 2 соты зейнеткердің үйіне қарақшылық жабуыл жасаған 19 жастағы бозбалаға қатысты қылмыстық істі қарастыруда, деп хабарлады соттың баспасөз қызметінен.
Зейнеткер әйелдің үйін сатқаннан түскен 10 мың доллар ақшасы бар екенін білген айыпталушы, өзінің танысымен бірге түнде бетперде киіп, пышақпен және травматикалық тапаншамен қаруланып, оның үйіне көктеп кірген. Айыпталушы ұйықтап жатқан әйелді бетінен ұрып, қолдарын пышақпен тіліп жіберген. Одан кейін, төсегінен сүйреп түсіріп, ауызы мен көзін скочпен байлады. Ол әжесіне қонуға келген немересін де байлап тастаған.
Үйден бағалы зат таппаған жігіттер әйелдің қолындағы алтын сақинаны шешкен, ұялы телефонын алып, оқиға орнынан із жасырды.
Полицейлер көп ұзамай «түнгі қарақшыларды» қолға түсірді. Тонаушылар енді сот алдында жауап береді.