Павлодар тас жолдарында жыл басынан 25 адам көз жұмған

ПАВЛОДАР. KAZINFORM - Ертіс-Баян өңірінде жыл басынан 384 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, 25 адам мерт болған. Жол апаттарының жиілей түскені байқалып отыр.

Алматы
Фото: Kazinform

Өңірлік полиция департаменті жергілікті полиция қызметінің мәліметінше, аймақта жол-көлік апаттары азаймай тұр.

– Жыл басынан бері облыс аумағында 384 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, 529 адам зардап шекті, оның 99-ы кәмелетке толмағандар. Өкінішке қарай, 25 азамат қаза болды. Мотокөлік қатысқан 19 жол апаты тіркеліп, олардың салдарынан 1 адам көз жұмды. Тағы 16-сы жарақат алды, – деп хабарлады басқармадан.

Жол апаттарының көбеюіне байланысты 585 жол учаскесіне талдау жасалып, тексеріс жүргізілген. Нәтижесінде барлық анықталған кемшіліктерді жою бойынша тиісті нұсқамалар беріліп, 103 лауазымды және заңды тұлға жауапқа тартылған. Оларға 4 млн теңгеден астам сомаға айыппұл салынған.

Жылдамдық режимін бұзу деректерінің алдын алу мақсатында облыста күн сайын 10 «Кибер-Шериф» мобильді аппараттық-бағдарламалық кешені жұмыс істейді. Олардың төртеуі республикалық және халықаралық маңызға ие автожолдарда қызмет атқарады. Сонымен қатар, барлық ЕРАП планшеттерімен интеграцияланған «Оракул-С» жүйесінің 10 аппараттық кешенінде «Қорғау» бағдарламасы енгізілген.

Бұдан бөлек, республикалық маңызды автожолдарда («Павлодар-Астана», «Павлодар – Абай облысы», «Павлодар – РФ шекарасы») орнатылған «Зерек» кешендерінің көмегімен 3408 құқықбұзушылық анықталған.

Еске сала кетейік, Астана-Павлодар автожолында жол апатынан 5 адам зардап шекті.

 

Соңғы жаңалықтар