Павлодар тұрғындары алаяқтарға 3 млрд теңгесін санап берген

ПАВЛОДАР. KAZINFORM - Жыл басынан өңірде интернет алаяқтыққа қатысты 1205 жағдай тіркелді. Әйел адамдар ерлерге қарағанда екі есе көп алданған.

интернет алаяқтық
Фото: Kazinform

Павлодарлық полицейлер жұртшылықты қаражаттарына сақ болуға шақырып отыр. Облыс бойынша интернет алаяқтық өршіп тұр. Жыл басынан 1205 жағдай тіркеліп, сенгіш азаматтар жалпы сомасы 3 млрд теңгесінен айрылған. Жағдай бұлай жалғаса бермеу үшін жұртышылықтың қаржылық сауаттылығын арттыруға күш салынып жатыр.

- Қаскүнемдердің тұзағына көбіне әйелдер түсіп қалатыны байқалады. Жыл басынан 800-ге жуық әйел адам алаяқтықтан зардап шеккен. Облыс тұрғындары көп жағдайда ойдан шығарылған «көмекшілерге» сенім артып, қорқыту мен эмоционалдық қысымның, жылдам пайда әкелетін қаржылық схемалардың құрбаны болып жатады, - дейді Павлодар облысы полиция департаменті киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы Асхат Әбетжанов.

Тәртіп сақшылары алаяқтардың арбауына түсіп қалмау үшін қарапайым ақыл-кеңестерге құлақ түру керек екенін айтады.

«Банктен, мемлекеттік органнан немесе инвестициялық компанияданбыз деп телефон шалғандарға сенбеңіздер. Карта нөмірін, жасырын сөздер мен кодтарды айтуға, ұялы телефонға белгісіз қосымшаларды орнатуға болмайды. Тексерілмеген сатушылардан тауар алмауға, күдікті сілтемелерге өтпеуді сұраймыз. Мұның барлығы аңқау адамдар үшін құрылған тұзақ» ,-дейді полицейлер.

Еске сала кетейік, елуден асқан адамдар интернет алаяқтарына жиі алданады.