Павлодар тұрғыны автодилерден 13 млн теңгеден астам қаражат өндіріп алды
ПАВЛОДАР. KAZINFORM - Павлодарлық әйелдің автосалоннан сатып алған жаңа көлігінің қозғалтқышы жарты жылдан соң істен шыққан. Оны жөндеу мүмкін болмағандықтан, сапасыз көлік құралын сот арқылы қайтаруға тура келген.
Павлодар облысының сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің мәліметінше, құны 12 миллион теңгеден асатын жаңа көлікке қатысты дау-дамай 2025 жылы басталған. Әйел шетелдік көлікті дилерден сатып алған. Қозғалтқышта ақаулар пайда болғаннан кейін тұтынушы салонға жүгінген.
Ондағылар кепілдік міндеттемелер аясында бәрін ретке келтіруге тырысқан. Алайда жөндеуден кейін жағдай айтарлықтай өзгере қоймаған. Ақырында әйел автодилерге ресми шағым жазуға мәжбүр болады.
- Кәсіпкерлік субъектісі сотқа дейінгі шағымға уақытылы жауап берген жоқ. Біз тексеріс жүргізіп, кәсіпкерлік субъектісін әкімшілік жауапкершілікке тарттық, айыппұл салдық. Бұдан кейін тұтынушы сотқа жүгінді. Сотта департамент үшінші тұлға ретінде қатысты. Сот талқылауы аясында техникалық сараптама жүргізілді, - дейді өңірлік сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті басшысының орынбасары Нұрсұлу Әубәкірова.
Техникалық сараптама ақаудың күрделі екенін растаған. Әрі бұл қорытынды сот шешімінің негізіне айналған.
Материалдарды зерттей келе, сот автосалонды павлодарлық әйелге тауардың толық құнын төлеуге, моральдық шығын мен заңгер қызметін өтеуге міндеттеді. Төлемдердің жалпы сомасы 13 миллион теңгеден асады. Дилер автокөлікті қайтарып алуды да өзі ресімдеуі керек.
Еске сала кетейік, Павлодар облысында тұтынушылардың 32 млн теңгеден аса қаражаты қайтарылды.