Павлодар тұрғыны құрған қаржы пирамидасына 100 млн теңгеден астам қаржы салынған
ПАВЛОДАР. KAZINFORM - Қаржылық мониторинг агенттігінің Павлодар облысы бойынша департаменті «Автолюкс» инвестициялық пирамидасын құру және оны басқару дерегі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеруді тіркеді.

Қаржылық пирамиданың әрекет еткен кезеңі бар-жоғы 3 ай - 2024 жылдың қыркүйегінен қарашасына дейінгі аралықты құрады. Осыған қарамастан оның қызметі Павлодар, Алматы, Ақтөбе және өзге облыстарға таралған.
- Күдікті интернет-дүкен платформасында жұмыс істей отырып, әр 10 күн сайын 5%-дан 15%-ға дейін сыйақы төлеумен тауарларды жалған түрде бөліп төлеу арқылы ақша салу жөнінде ұсыныс жасағаны анықталды. Салымшылар қолына тимеген тауар несиесін төлей берген, ал күдікті болса, тауарлық несиені қолма-қол ақшаға айналдырып, оны қымбат ойын-сауыққа, соның ішінде шетелге жасаған (БАӘ, Тайланд және т.б.) сапарларына жұмсаған. Күдікті пирамидаға 150-ден астам адамды тартып, олар жалпы сомасы 100 миллион теңгеден астам қаражат салған, - деп хабарлады Қаржылық мониторинг агенттігінің Павлодар облысы бойынша департаментінен.
Заңсыз жолмен тапқан ақшаға күдікті Mercedes Benz және Toyota Camry маркалы екі автокөлік сатып алғаны анықталды. Оларға соттың санкциясымен тыйым салынды. Сот күдіктіге қатысты «үйқамақ» түрінде бұлтартпау шарасын таңдаған. ҚР Қылмыстық процессуалдық кодексі 201-бабына сәйкес, өзге ақпарат тергеу мүддесінде жариялауға жатпайды.
Өткен жылы Агенттік салымшыларға 20 миллиард теңгеден астам залал келтірген 42 қаржылық пирамиданы жойған.
Нәтижесінде 78 адам сотталып, 13 миллиард теңгеден астам залал өтелген.