Павлодар тұрғынынан жалпы құны 22 млн теңгеден асатын есірткі тәркіленді

ПАВЛОДАР. KAZINFORM - Полицейлер жедел-іздестіру шараларын жүргізіп, бұрын сотталған 29 жастағы тұрғынды ұстады. Күдіктінің жеке заттарын тексеру барысында тыйым салынған заттардың орналасқан жері туралы деректер бар ұялы телефон және 16 орама есірткі, екі полиэтиен пакет тәркіленді.

полиция
Фото: Солтан Жексенбеков / Kazinform

Сараптама қорытындысы бойынша орамаларда жалпы құны 22 млн теңгеден асатын синтетикалық есірткілер, ал полиэтилен пакеттерде салмағы 1,5 килограмнан асатын синтетикалық каннабиноидтар болғаны анықталды. Бұл шамамен 4000 дозаны құрайды.

- Күдікті өз кінәсін мойындап, есірткі тарататын интернет-дүкенде «қаптамашы» болып жұмыс істегенін және жеңіл табысқа қызыққанын жеткізді. Оның айтуынша, кураторлардан түскен тапсырмаларды орындап, есірткі заттарын арнайы қоймалардан алып, оларды жасырын орындарға тығу әдісімен таратқан,-деп хабарлады Павлодар облысы полиция департаментінің баспасөз қызметінен.

Аталған дерек бойынша есірткі немесе психотроптық заттарды заңсыз сатып алу, сақтау, тасымалдау және өткізу бабымен қылмыстық іс қозғалды. Қазіргі уақытта күдікті қамауда. Сонымен бірге аймақ аумағында есірткі жеткізу және таратуға қатысы бар өзге де тұлғаларды анықтау жұмыстары жалғасып жатыр.

Еске сала кетейік, елімізде есірткі қылмысына қатысты жаза өзгерді.

 

Соңғы жаңалықтар