Павлодар - Успен тас жолындағы «апат»: 22 адам зардап шекті

ПАВЛОДАР. ҚазАқпарат - Павлодар облысында «Қыс-2018» республикалық командалық штабтық оқу-жаттығулары өткізілді, деп хабарлайды pavlodarnews.kz облыстық төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Павлодар - Успен тас жолындағы «апат»: 22 адам зардап шекті

Оқу-жаттығулардың негізгі тақырыбы - қыс мезгіліндегі төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою кезінде жедел әрекет ету. Жоспарға сәйкес Павлодар - Успен тас жолындағы Мойылды ауылы маңында көктайғақ салдарынан болған апатта жеңіл автокөлік пен автобус соқтығысып қалады. Салдарынан 20 адам мен көліктердің екі жүргізушісі зардап шеккен.Олар әртүрлі дене жарақатын алған. Ал автобус жол жиегіне шығып кеткен. Бұған қоса, Мойылды ауылына жаяу жетпек болған төрт жолаушы адасып кетеді.

«Оқиға орнына зардап шеккендерді көшіру, апаттық-құтқару жұмыстарын жүргізу және адамдарды іздеу үшін қаланың шұғыл қызметтері келіп жетті. Құтқарушылар зардап шеккендерді жақын маңдағы жылыту пунктіне жеткізіп, оларға медициналық көмек көрсетті. Сонымен қатар жылыту пунктінің қызметкерлері ыстық шай ұсынды»,- дейді департаментте.null 

Оқу-жаттығуларға ТЖД жедел-құтқару жасағы, өрт сөндіру және апаттық-құтқару жұмыстары қызметі, апаттар медицина орталығы, полиция департаменті, «103», азаматтық қорғау қызметі, жергілікті атқарушы органдардың күштері мен құралдары тартылды. Тәжірибелік арнайы-тактикалық оқу-жаттығуға 14 техника мен 47 адам жұмылдырылды. Сондай-ақ Ресейдің шекаралас Омбы және Новосібір облыстары, Алтай өлкесімен скайп арқылы ақпаратты жедел кезекшілер арқылы жеткізу ұйымдастырылды. 

Фото: облыстық ТЖД