Павлодар жолдарында қараусыз малдың кесірінен 23 адам зардап шеккен
ПАВЛОДАР. KAZINFORM — Павлодар облысында жыл басынан бері төрт түлікті бақылаусыз қалдырған 1 300-ден астам тұрғын әкімшілік жауапкершілікке тартылған.
Өңірлік полиция департаментінің хабарлауынша, малды қараусыз қалдыру мәселесі өңірде жыл өткен сайын өзекті болып бара жатыр. Төрт түлік иелерінің салғырттығы салдарынан қараусыз жүрген мал жол-көлік оқиғаларына себеп болып, барымташылардың оңай олжасына айналуда.
— Жыл басынан бері облыс аумағында малға тиісті бақылау жасамағаны үшін 1 358 мал иесі әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Автожолдарда төрт түліктің қатысуымен 11 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, аталған апаттардан 23 адам зардап шекті. Мұнымен қоса, өңірде мал ұрлығының 19 фактісі есепке алынды, — деп мәлімдеді полиция департаментінен.
Тәртіп сақшылары келтірген мәліметке сүйенсек, қазіргі таңда облыс аумағында қараусыз жүрген малды уақытша ұстауға арналған 128 арнайы қора-жай (мал қамау орны) жұмыс істеп тұр. Жыл басынан бері аталған орындарға 24 469 бас мал қамалған.
Тәртіп сақшылары өңір тұрғындарын жеке шаруашылығындағы малға бақылауды күшейтіп, қауіпсіздік шараларын қатаң сақтауға шақырады.
Еске сала кетейік, Атырау облысында жолдағы малдан болатын апаттар екі есе артқан.