Павлодарда 12 жасар баланы қағып, қашып кеткен жүргізуші ұсталды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Павлодарда 12 жасар баланы көлікпен қағып кетіп, оқиға орнынан ізін суытқан жүргізуші ұсталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі Павлодар облыстық Полиция департаментінің ВКонтакте парақшасына сілтеме жасап.
«Павлодарлық полиция қызметкерлері өткізілген іс-шаралар барысында 2006 жылы туған баланы Ломов-Катаев көшелерінің қиылысында қағып кетіп, жол-көлік оқиғасы орнынан ізін суытқан Павлодар қаласының тұрғынын анықтап, ұстады», - делінген хабарламада.
Анықталғанындай, оқиға салдарынан жарақат алған бала ауруханаға жеткізілген. Жол-көлік оқиғасы тіркелгеннен кейін Полиция департаментінің жеке құрамы бірден әлгі жүргізушіні іздеуге кіріскен. Ақыры, жүргізілген іс-шаралардың нәтижесінде жергілікті полиция қызметінің іздестіру бөлімі қызметкерлері «BMW» автокөлігін тізгіндеген 27 жастағы Павлодар тұрғынын ұстаған.
Күдікті Павлодар қаласының уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қазіргі уақытта ҚР Қылмысты кодексінің 345-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.