Павлодарда 13 мыңнан астам адам онкологиялық ауруға шалдыққан

ПАВЛОДАР. KAZINFORM - Павлодар облыстық онкологиялық диспансерге жыл сайын кемі 2,5 мың адам есепке тұрады. Обыр ауруларының статистикасы бойынша аймақ республикадағы алғашқы төрттікке кірген. 

операция
Фото: Наталья Зинченко / Kazinform

Онкологиялық аурулардың құрылымы бойынша алып қарасақ, коллоректальды қатерлі ісікке шалдыққандар көш бастап тұр. Одан соң сүт безі обыры, өкпе, асқазан, жатыр мойнының қатерлі ісіктері де көбейіп келеді.

«Жыл сайын облыстық диспансерге 2,5 мың адамдай тіркеледі. Былтыр обыр дерті бар 1200 адамға ота жасалды. Көбіне шағын инвазиялық әдіспен жасалады. Мұндай тәсіл емделушінің тезірек аяққа тұрып кетуіне көмектеседі. Онкологиямен ауыратын науқастар саны бойынша Павлодар облысы төртінші орындамыз, біздің алдымызда Солтүстік Қазақстан, ШҚО және Қостанай облыстары бар. Қатерлі ісікті ерте бастан анықтауға күш салып жатырмыз. Соның нәтижесінде дертті емдеудің «алтын уақытын» өткізіп алғандардың қатары 10 пайызға кеміді», - дейді өңірлік онкологиялық диспенсердегі ұйымдастыру-әдістемелік бөлімшесінің меңгерушісі Әсел Асқарова.

Кейбір оталарды күрделі болғанына орай бірегей деп атауға тұрарлық. Былтыр мамыр айында хирургтер бір науқасқа ішектегі бітеліс диагнозы бойынша ота жасау кезінде іш құрылысынан қауіпті ісік тапқан. Оны сылып тастау мүмкін болмаған. Кейін науқас химиялық терапия қабылдаған соң онколог дәрігерге ота жасау үшін қайтара жіберілген. Бұл жолы мамандар күрделі құрамдастырылған ота жүргізген, себебі ісік аш ішек пен бүйректерге жабысып өсе бастапты.

Дәрігерлер ота барысында емделушінің тоқ ішегі мен аш ішегінің, бүйрегінің бір бөлігін кесіп алып тастауға, ішек түтікшесін қалпына келтіруге мәжбүр болған. Павлодарлық тұрғын кеше ғана диспансерден үйіне жіберілген.