Павлодарда 13 жасар қызды итеріп жібергендерге қатысты қылмыстық іс қозғалды

зорлық-зомбылық
Фото: Фото: С. Шәкенованың әлеуметтік желідегі парақшасынан

ПАВЛОДАР. KAZINFORM — Павлодар полициясы жасөспірім қызды кеудесінен итеріп, денесіне жеңіл жарақат салған екі жас жігітке қатысты қылмыстық іс қозғады. 13 жасар оқушы облыс орталығындағы № 26 мектепте оқитыны белгілі болып отыр.

Мектеп әкімшілігінен мәлім еткендей, Бесқарағай көшесінде құрбысымен келе жатқан оқушы қыз көліктің алдынан кесе-көлдеңең өткен. Бұған ашуланған көлік жүргізушісі мен оның серігі атып шығып, қызды кеудесінен итеріп жіберген. Бұл оқиғадан қатты шошыған жасөспірімге жедел жәрдем қажет болған. 

«Оқушы қазіргі уақытта ауруханада ем қабылдап жатыр. Заңды өкілінің қатысумен қызбен сөйлесіп, жұбаттым. Оған ешкім қауіп төндіре алмайтынын жеткіздім. Физикалық тұрғыдан қыз өзін жақсы сезінеді. Бірақ оның психоэмоциональдық жағдайы мамандардың көмегін қажет етеді. Бұл іске арнайы мамандар, соның ішінде мектеп психологы да жұмылдырылды. Анасының айтуынша, сынып жетекшісі де үнемі байланыста», — дейді балалар омбудсмені Сәуле Шәкенова.

Павлодар облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі қыздың денсаулығына жеңіл жарақат келтіргені үшін екі жас жігіт ұсталып, оларға қатысты қылмыстық іс қозғалғанын жеткізді. Қазіргі уақытта тергеу шаралары жүргізіліп, оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр.

Еске сала кетейік, Павлодарда колледж студенті оқытушыға пышақ жарақатын салған болатын.

Соңғы жаңалықтар
telegram