Павлодарда 14 мың адамға әлеуметтік көмек көрсетілді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазан айының соңғы жексенбісінде Қазақстанда Әлеуметтік қорғау жүйесі қызметкерлерінің күні аталып өтеді, деп хабарлайды pavlodarnews.

Павлодарда 14 мың адамға әлеуметтік көмек көрсетілді

Мерекеге орай қала басшылығы Қ. Әбусейітов атындағы мәдени-ойын сауық орталығында салтанатты іс-шара ұйымдастырды.

 Павлодар қаласының әкімі Әнуар Күмпекеев әлеуметтік сала қызметкерлерін кәсіби мерекемен құттықтады. - Сіздердің жұмыстарыңыз аса күрделі, - дейді Әнуар Күмпекеев. - Президентіміз тұрғындардың алдындағы әлеуметтік міндеттерді орындау басты мақсатымыз екендігін жиі айтады. Сіздердің жұмыстарыңыздың арқасында Павлодарда барлық әлеуметтік міндеттер толығымен орындалып келеді. Барлықтарыңызға зор денсаулық, отбасыларыңызға құт-береке тілеймін. Әрі қарай қала әкімі үздік әлеуметтік қызметкерлерге құрмет грамоталары мен алғыс хаттар табыс етті. Олардың арасында мемлекеттік қызметшілер, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері бар.

Сонымен бірге, әлеуметтік қызметкерлерді төл мерекесімен құттықтаған қалалық мәслихаттың хатшысы Зәуреш Мұқашева мен облыстық мәслихаттың депутаты Элина Паули де бірқатар мамандарды алғыс хаттармен марапаттады. Қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Гүлбарам Біләлеваның айтуынша, жалақының төмендігіне қарамастан, әлеуметтік қызметкерлер бірінші кезекте адамдарға көмектесуді ойлайды.

Жалақымыз төмен екендігі рас - 40 мыңнан 80 мың теңгеге дейін, - деп ағынан жарылды Гүлбарам Біләлева. - Солай бола тұра көмекке зәру жандарға қол ұшын беретін әріптестеріме алғыс айтамын. Бізде жалғызбасты зейнеткерлерге қызмет көрсететін 123 әлеуметтік қызметкеріміз бар. Олар күнделікті қарттарға азық-түлік, дәрі-дәрмек алып беріп, үйлерін жинастыру сияқты істермен айналысады.

Бүгінгі күні Павлодарда 300-ден астам әлеуметтік сала қызметкері жұмыс істейді. Олар мүмкіндігі шектеулі жандарға, жалғызбасты зейнеткерлер мен өзге де көмекке зәру тұрғындарға жәрдемдеседі. 2018 жылы қаламызда 14 мыңға жуық адамға жалпы сомасы 220 миллион теңгеден астам көмек көрсетілді.