Павлодарда 1,5 млн тонна мал азығы дайындалды
ПАВЛОДАР. KAZINFORM — Өңірде шөп шабу жұмыстары әлі де жалғасып жатыр. Қазіргі уақытта фермерлер жалпы көлемі 1,5 млн тонна шөп дайындап үлгерді.
Биыл қыркүйекте Ертіс өзені тағы тасуы мүмкін екенін хабарлағанбыз. Соған орай жайылмалардан мал азығын дайындайтын шаруаларға шөпті ертерек қамдап алуға кеңес берілген. Дейтұрғанмен тамыз айының соңы мен қыркүйектің алғашқы жартысы жаңбырлы болып, шөп жабу жұмыстары тұрып қалды. Тек соңғы апталарда ғана фермерлер шалғыларын шабындықтарға қайта түсіріп, науқанды жалғастырды.
Өңірлік ауыл шаруашылығы басқармасынан хабарлағандай, қазіргі уақытта облыста 1,5 млн тонна шөп дайындалды. Өңірдегі шаруа қожалықтары жоспар бойынша бір жарым жылдық қор түзуі керек. Жоспарға сүйенсек, ол — 1 млн 823 мың тонна. Ертіс өзені жайылмаларындағы шабындықтардың тек жартысы ғана шабылады деп болжанып отыр. Себебі шөп қырда да жақсы шыққан.
Бұған дейін Ертіс-Баян өңіріндегі шабындықтарда шөптің шығымдылығы әр гектардан 8,9 центнерден айналып жатқаны туралы жазғанбыз.