Павлодарда 200 мың теңге пара алған жер қатынастары бөлімінің басшысы сотталды

сот
Фото: Pexels

Павлодар қаласының № 2 сотында пара алу, пара беру, сондай-ақ парақорлыққа делдал болу, көрінеу жалған құжатты қолдан жасау және пайдалану, бірнеше рет пара беру және пара беруге оқталу фактілері бойынша қылмыстық іс қаралды, деп хабарлайды Kazinform.

А.С. Павлодар қаласы жер қатынастары бөлімінің басшысы қызметінде жүргенде өкілеттігіне кірген іс-әрекеті, сондай-ақ жалпы қамқорлығы үшін наурызда делдал Д.Б. арқылы кәсіпкер А.Е-ден 200 000 теңге сомасында пара алған.

Д.Б. кейіннен жер комиссиясына беру үшін көрінеу жалған құжат дайындаған, делдал ретінде лауазымды тұлға А.С-қа наурызда 200 000 теңге сомасында ақша береді. 

Д.Б. 2023 жылғы шілдеде ұсынылған құжат бойынша мәселені дұрыс шешу үшін Павлодар қаласы әкімінің көмекшісі лауазымды тұлға Б.Н-ға 200 000 теңге сомасында пара береді.

2023 жылдың тамызында Б.Н. процесті жеделдету, өкілеттігіне кіретін істі дұрыс шешу және жалпы қамқорлығы үшін Д.Б-дан 150 мың теңге сомасында пара алған. 

Қылмыстық заңда жасалған әрекет үшін айыппұл немесе бас бостандығынан айыру түріндегі жаза көзделген.

Заң бойынша бас бостандығынан айыру жазаның неғұрлым жеңіл түрі кінәліні түзету және оның жаңа қылмыс жасауының алдын алу мақсатына жетуге мүмкіндік бермеген жағдайда ғана тағайындалады.

Б.Н. және Д.Б. бірнеше рет ауыр сыбайлас жемқорлық қылмыс жасағанын және неғұрлым белсенді рөл атқарғанын ескере отырып, сот 7 жылға бас бостандығынан айырды.

Кінәсін мойындағанын, асырауында үш жас бала барын ескере отырып, А.С-қа пара сомасының 50 еселенген мөлшерінде - 10 000 000 теңге сомасында айыппұл салынды.

А.Е. қылмыс жасаудағы рөлін, кінәні толық мойындауын және ауырлататын мән-жайдың жоқтығын ескере отырып, пара сомасының 26,6 еселенген мөлшерінде - 5 320 000 теңге айыппұл төлейді.

Сотталған лауазымды адамдар А.С. және Б.Н. өмір бойы мемлекеттік қызметте еңбек ету құқығынан айырылды.

Сондай-ақ А.С-ден 200 000 теңге, Б.Н-дан 350 000 теңге мөлшерінде пара сомасы өндірілді.

Үкім заңды күшіне енген жоқ. 

Соңғы жаңалықтар
telegram