Павлодарда 261 бозбала әскери міндетін өтеуден жалтарып жүр
ПАВЛОДАР. KAZINFORM — Биыл аймақ бойынша әскерге 800-ден астам жас шақырылады. Облыста жалпы саны 10 600 азамат әскерге жарамды жаста.

Әскерге шақыру науқаны 1 наурыздан басталмақ. Былтыр Отан алдындағы борышын өтеуге 1544 азамат шақырылған. Шақыру қағаздары азаматтардың тұрғылықты мекенжайына немесе жұмыс орнына жіберіледі. Бұдан бөлек, SMS-хабарламалар да жолданады. Облыстық қорғаныс істері жөніндегі департамент өкілдерінің мәліметінше, биыл 120 азамат Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметіне, 381-і Қарулы Күштерге, Ұлттық ұланға 300 және 9-ы Мемлекеттік күзет қызметіне әскери борышын өтеуге шақырылады.
«Кейде әскери міндетті бозбалалар SMS-хабарлама алмадым деп жалтарады. Енді бірі: „SMS-ті мүлде оқымаймын, Whatsapp-та ғана отырамын“ деген сынды сылтау айтады. Хабарлама 1414 операторынан да келеді. Сондықтан түрлі сылтау айтып, әскерден қашудың еш жөні жоқ», -дейді Павлодар қалалық қорғаныс істері басқармасының басшысы Шыңғыс Сарыбаев.
Азаматтарға әскери борышын қысқартылған мерзім ішінде өтеп шығуға болады. Ол үшін мемлекетке 304 мың теңге көлемінде жарна төлеуі тиіс. Біра бұдан былай 40 күндік әскерге барғандар мен әскери кафедра аяқтағандарға әскери билет берілмейді. Тек ғана олардың әскери қызметті өткергені туралы мәліметтер e-gov порталындағы жеке кабинетте көрсетіледі.