Павлодарда 28 ауыл орталықтандырылған ауызсу құбырына қосыла алмай отыр

ПАВЛОДАР. KAZINFORM - Бұған елді мекендердегі халық санының 500 адамнан төмен болуы себеп. Аймақта халықты таза ауызсумен қамту көрсеткіші 92 пайызды құрап отыр. 

су құбыры
Фото: Kazinform

Өңірде жалпы саны 352 елді мекен бар болса, соның 224-і орталықтандырылған таза ауыз суға қосылған. Өзге елді мекендер тіршілік нәрін тасып ішуге мәжбүр. Ал болашағы жоқ 28 ауылға ауызсу құбырын тару мүлдем қарастырылмаған. Бұған халық санының 500 адамнан кем болуы себеп.

Биыл 16 ауылға су құбыры тартылатын болады. Бұған 2,2 млрд теңге бөлінген. Нәтижесінде өңірдегі сумен қамту көрсеткіші 99,3 пайызға жетеді деп жоспарланған.

Павлодарда 28 ауыл орталықтандырылған ауызсу құбырына қосыла алмай отыр
Фото: Павлодар облысы Өңірлік коммуникациялар орталығы

- Қала халқын сумен қамту 97 пайызды құрайды. Биыл 5,3 млрд теңгеге 6 жоба іске асырылатын болады. Су құбырын тарту жұмыстары аяқталғанда,ауызсумен қамту 98 пайызға жетеді. Ал шаһар халқын 100 пайыз таза ауыз сумен қамту үшін 10 жобаның құжаты дайындалып жатыр. Бұл Екінші Павлодар, Саяжай, Лесозауыт аумағындағы үйлерге қатысты. Қазір барлық жобаның егжей-тегжейлі жоспары пысықталып жатыр. Мемлекеттік сараптамадан өткеннен кейін жобаға қаражат сұрау үшін министрлікке құжаттар жіберілетін болады, - дейді Павлодар облысы энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасы басшысының міндетін атқарушы Күлбаршын Арынова.

Еске сала кетейік, Павлодардың 8 аймағында ауызсу сапасы нормативке сай келмейді. 

Соңғы жаңалықтар