Павлодарда 300-ге жуық отбасы баспаналы болды
ПАВЛОДАР. KAZINFORM - Көпқабатты тұрғын үйдегі жаңа пәтерлерге жетім балалар, көп балалы отбасылар және әлеуметтік осал отбасылар санатындағы азаматтар қоныстанды. Бүгінде әлеуметтік тұрғын үй кезегінде 16 мыңнан астам павлодарлық тұр.
Павлодарда баспана үй кезегінде тұрған 288 адамға жалға берілетін пәтер кілттері табысталды. Ладожская көшесі, 17 мекенжайы бойынша бой көтерген тұрғын үйге жетім балалар, көп балалы отбасылар және әлеуметтік осал отбасылар санатындағы азаматтар қоныстанды.
Облыс әкімі Асайын Байханов қоныс иелерін құттықтады.
- Осы жылдың наурыз айында кезекте тұрғандардың үш санатына 210 пәтер бердік. Ал, бүгін көптен күткен пәтер кілттерін Павлодардың үй кезегінде тұрған 288 жанға табыстағаныма өте қуаныштымын. Кейбіріңіз үшін бұл күнді ұзақ жыл күтуге тура келгенін білемін. Облыс басшылығы атынан ұзақ күттіргеніміз үшін кешірім сұраймын және түсіністік танытып, шыдамдылық таныта білгендеріңіз үшін алғысымды білдіремін. Биыл тағы 250 пәтер тапсыратын боламыз. Бірақ олар «Шаңырақ» және «Бақытты отбасы» мемлекеттік бағдарламалары аясында әлеуметтік-несиелік тұрғын үй бағыты бойынша беріледі, - деді өңір басшысы.
А.Байханов «Достық» шағын ауданының құрылысы жалғасатынын атап өтті. «Жайлы мектеп» бағдарламасы аясында заманға сай білім ұясы салынуда, балабақша, емхана, мұз аренасы, концерт залы, мешіт салу жоспарланған. Қалалық қоғамдық көлік қозғалысы, оның ішінде трамвай бағыттарының желілері ұзартылатын болады.
Әлеуметтік баспанаға ие болғандардың бірі - Моңғолияның тумасы, қандас Жанат Дауан. Ол жұбайы Мағрипа Канкөнеймен бірге 8 бала тәрбиелеп отыр.
- 2006 жылы Қазақстанға көшіп келіп, Мойылды ауылында тұрдық. Тұрғын үй кезегінде шамамен 17 жыл тұрдым және ешқашан үмітімді үзген емеспін. Мен мемлекетке өте ризамын, бұл біздің көптен күткен қуанышымыз, - деп қуанышымен бөлісті көпбалалы отбасының отағасы.
Еске сала кетейік, Павлодар облысында 815 отбасы құнды қағаздар есебінен баспанамен қамтылады.