Павлодарда 300-ге жуық жүргізуші куәлігінен айырылды

ПАВЛОДАР. KAZINFORM — Көліктердің қарсы жолаққа шығуы жол-көлік оқиғасында жиі тіркелетін деректердің бірі.

полиция
Фото: Павлодар облысы полиция департаменті

Мұндай заң бұзушылық үшін жүргізуші 6 ай мерзімге көлік құралын жүргізу құқығынан айырылатынын айту керек.

Полицейлердің сөзінше, жүргізушілер маневр жасауға тыйым салатын жолақты немесе белгіні байқамай, заң бұзушылыққа жол береді. Осылайша жол қозғалысының өзге қатысушыларына да қауіп төндіреді.

— Жыл басынан бері 286-дай жүргізуші жауапкершілікке тартылып, жүргізуші куәлігінен айырылды. Мысалы, облыс орталығында Катаев-Естай көшелерінің қиылысында Toyota Corollа автомашинасының жүргізушісі төрт жолағы бар екіжақты қозғалыстағы жолдың қарсы бетіне шықты. Жүргізуші жауапқа тартылды, шешім қабылдау үшін материал сотқа жіберілді, — деп хабарлады Павлодар облысының полиция департаментінің баспасөз қызметінен.

Еске сала кетейік, Павлодарда апаттық жағдай туғызған 500-ден астам жүргізуші жазаланды.