Павлодарда 33 балабақша мемлекет меншігіне қайтарылды
ПАВЛОДАР. ҚазАқпарат - Павлодар қаласында бұрын жеке меншік иелігінде болған 33 балабақша мемлекетке қайтарылды, деп хабарлайды pavlodarnews.kz қалалық білім беру бөліміне сілтеме жасап.
2007 - 2015 жылдар аралығында Павлодарда бұрынғы 33 балабақша мақсатты пайдалану үшін қайтарылған. «Дачный» шағынауданында жұмыс істеп тұрған екі мекеменің аумағы кеңейтілді, төрт балабақша салынып қолдануға берілді, алты жеке меншік мектепке дейінгі мекеме ашылды. Қалыпқа келтірілген ғимараттардағы санаторлық типтегі екі балабақшаның ашылуы Гагарин көшесі, 36/3 мекенжайында орналасқан № 25 санаторлық типтегі балабақшаның профилін жалпы дамытушы типтегі балабақшаға өзгертуге мүмкіндік берді. Нәтижесінде №1қалалық аурухана ауданында қосымша 300 орын ашылды, бұл ауданда балалар орындарына қажеттілік жоғары болды.
Бизнестің мемлекет алдындағы жауапкершілігі бағдарламасын жүзеге асыру шеңберінде «Қазақстан Алюминийі» АҚ, «КазТрансОйл» АҚ кәсіпорындары қазіргі заманғы 240 орындық № 29, 320 орындық № 54 екі балабақша салды. «Компания Нефтехим LTD» ЖШС Павлодар қаласы Павлов көшесі, 82/1 мекенжайында орналасқан 320 орындық бұрынғы балабақшаны қайтарып берді. Жоғарыда аталған шаралар 3 - 6 жастағы балаларды 100%, 2 жастан 6 жасқа дейінгі балаларды 86% балабақшалардағы орындармен қамтуға мүмкіндік берді.
Жалпы Павлодар қаласында мектеп жасына дейінгі балаларға білім беру мен тәрбиелеу 72 балабақшада, 21 жалпы орта білім беру мектептерінің жанындағы шағын орталықтарда, 6 жеке меншік мектепке дейінгі мекемелерде іске асырылады.