Павлодарда 50-ден астам «жалған зейнеткер» анықталды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Павлодарда пара алып зейнет жасына жетпегендерге заңсыз зейнетақы төлемін рәсімдеген қызметкерлерге қатысты қылмыстық істі тергеу аяқталды, деп хабарлайды pavlodarnews.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросының Павлодар облысы бойынша департаменті «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес АҚ Павлодар облысы бойынша филиалы - «Әлеуметтік төлемдерді ведомствоаралық есептеу орталығы» департаменті директорының орынбасары Лукашова5а, Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетінің Павлодар облысы бойынша департаментінің бөлім басшысы Смағұловаға және өзге де бюджеттік қаржыны жымқырумен айналысқандарға қатысты тергеуді аяқтады.
Жоғарыда аталған қызметкерлер ұзақ уақыт бойы (2005 жылдан бері) және жүйелі түрде қызметтік лауазымын асыра пайдалану арқылы Павлодар облысының зейнет жасына жетпеген тұрғындарына заңсыз зейнетақы төлемін рәсімдеп отырған. Олар бұл қызметі үшін 300 мыңнан бір миллион теңгеге дейінгі ақшалай сыйлық алған.
Нәтижесінде 50-ден астам «жалған зейнеткерлер» анықталды. Салдарынан мемлекетке 120 миллион теңге көлемінде шығын келген. Оларға зейнетақы мұрағат анықтамасы, ядролық полигон аймағында тұрғандығы жөнінде, көп балалы аналар үшін баланың туылғандығы секілді көптеген жалған құжаттар негізінде тағайындалған.
2018 жылдың 15 мамырынан бастап Смағұлова үй қамағына алынған. Ал, Лукашова 31 мамырдан бастап күзетке алынған. Қазіргі таңда қылмыстық іс айыптау актісі бойынша әрі қарай сотқа жіберілуі үшін прокуратураға жөнелтілген. Қылмыстық істі тергеу қорытындысы бойынша Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мен «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясына сыбайластыққа байланысты жағдайды реттеу ұсынылды. Құқықбұзушылықтың алдын алу мақсатында аталған мемлекеттік ұйымдардың еңбек ұжымымен кездесу өтеді.