Павлодарда 54 мыңнан астам оқушы қазақ тілінен емтихан тапсырады

ПАВЛОДАР. KAZINFORM — Қазақ тілінен емтихан тапсыру 5-8 және 10-сыныптарға міндетті. Ол екі бөліктен тұрады: жазбаша және ауызша.

оқушы
Фото: AI

Бүгін Павлодар облысының мектептерінде аралық және қорытынды емтихандар тапсыру кезеңі басталды. Емтихандар 11 маусымға дейін жалғасады.

«Биыл бірінші рет білім алушылардың оқу бағдарламаларын игеруін, оқу және жазу сауаттылығын айқындау мақсатында 5-8,10-сыныптарында оқитын 54242 оқушы үшін 31 мамырға дейін қазақ тілінен емтихандар өтеді. Емтиханның нақты уақытын оқу орындары өздері белгілейді. Емтихан екі бөліктен тұрады: жазбаша және ауызша. Оқушылар эссе жазады, сондай-ақ, мәтінді оқу, әңгімелесу және мәтінді тыңдап түсіну бойынша өз шеберліктерін көрсетеді», - деп хабарлады Павлодар облысының білім беру басқармасынан.

Еске сала кетейік, Павлодар облысындағы орта мектептерді — 4322, негізгі мектептерді 10 778 бала тәмамдайды. Түлектердің 84,3 пайызы ҰБТ-ға қатысады.

Ертіс-Баян өңірінде 800-ге жуық жазғы лагерь ашылады.