Павлодарда 6 млн көшетке арналған орман тәлімбағы іске қосылады
ПАВЛОДАР. KAZINFORM — Павлодар облысында жылына 6 млн данаға дейін көшет өсіретін жаңа орман тәлімбағын іске қосу жоспарланып отыр. Жоба өңірдегі орман шаруашылығы мекемелері мен көгалдандыру жұмыстарымен айналысатын коммуналдық қызметтердің отырғызу материалдарына деген қажеттілігін өтеуге мүмкіндік береді.
Қазіргі таңда облыста үш орман тәлімбағы жұмыс істейді. Алайда өңірдегі орман шаруашылығы мекемелерінде тұқым мен көшет тапшылығы бар. Бұл қажеттілік әзірге сырттан жеткізілетін тұқым мен көшеттер есебінен толықтырылып келеді.
Жаңа тәлімбақ Павлодар ауданында салынбақшы. Қазір жобаға қажетті жер учаскесін рәсімдеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.
— Қазіргі уақытта Павлодар ауданында аталған жобаға жер учаскесін рәсімдеу бойынша жұмыс істеліп жатыр. Бұл жабық тамыр жүйесі бар өсімдіктер өсірілетін тәлімбақ болады. Жыл бойы өңірдегі үш орман шаруашылығы мекемесі мен көгалдандырумен айналысатын коммуналдық қызметтердің қажеттілігін өтеуге мүмкіндік береді, — деп хабарлады Павлодар облысының жер қойнауын пайдалану, қоршаған орта және су ресурстары басқармасынан.
Қазір жобаның жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленіп жатыр. Тәлімбақ мемлекеттік қолдау тетіктерін пайдалана отырып, инвестициялар тарту арқылы салынады. Кейін нысан жергілікті атқарушы органдардың қарауына беріледі.
Өңірлік орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының мәліметінше, отырғызылатын көшеттердің жерсіну көрсеткіші орта есеппен 70 пайыз шамасында болуы тиіс. Соңғы жылдардағы ауа райының қолайсыздығы мен жаз мезгіліндегі қуаңшылық көшеттердің жерсінуіне кері әсер етіп отыр. Мәселен, 2025 жылдың қорытындысы бойынша бұл көрсеткіш шамамен 40 пайызды құраған.
Еске сала кетейік, Ертіс-Баян өңіріндегі ормандарда 3 млн көшет отырғызылады.