Павлодарда «7-20-25» бағдарламасы бойынша алғашқы ипотека берілді

ПАВЛОДАР. ҚазАқпарат - Павлодар тұрғыны аталмыш мемлекеттік бағдарлама бойынша Астанадан пәтер алуға бел буды, деп хабарлайды ҚазАқпарат pavlodarnews.kz-ке сілтеме жасап.
None
None

Алғашқы займды «Банк ЦентрКредит» АҚ облыстық филиалы берді.

«Мен 14 миллион теңгелік ипотеканы 20 жылға рәсімдедім. Ай сайын банкке шамамен 90 мың теңге төлеуім керек», - деп ағынан жарылды «7-20-25» бойынша облыстағы алғашқы несие алушы Ерболат Мәкенов.  

«Банк ЦентрКредит» АҚ аталған мемлекеттік бағдарлама бойынша жұмысты 2018 жылдың шілде айында бастаған болатын. Банктің облыстық филиалының директоры Дәурен Оразбаевтың айтуына қарағанда, бүгінгі таңда банк тағы бір ипотекалық өтінішті мақұлдаған.

«Несие өтініштері орта есеппен үш күн ішінде қарастырылады. Бастысы - өтініш берушінің жеке баспанасы болмауы шарт», - дейді Дәурен Оразбаев.

Естеріңізге сала кетейік, 5 наурыз күні Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев әрбір жұмыс істейтін қазақстандыққа  баспана сатып алуға мүмкіндік беретін «7-20-25» бағдарламасын ұсынған еді. Атап айтсақ, сыйақы мөлшерлемесі - жылдық 7%, бастапқы жарна - 20%, қарыз мерзімі - 25 жылға дейінгі талаптармен ипотекалық қарыз беруді көздейтін «7-20-25» бағдарламасын іске қосу тапсырылды. Бағдарламада Қазақстан Республикасының кез келген өңірінде бастапқы нарықта тұрғын үй сатып алу үшін Астана, Алматы, Ақтау және Атырау 25 млн теңге, ал басқа өңірлерде - 15 млн теңге шегінде ипотекалық тұрғын үй қарызын алу мүмкіндігі қаралған.

Бағдарлама келесі банктер арқылы жүзеге асырылады: «Банк ЦентрКредит», «АТФ Банк», «Цеснабанк», «Қазақстанның тұрғын үй жинақ банкі» , «Bank RBK» және «Қазақстанның Халық банкі».

Айта кету керек, биыл Павлодар облысында 300 мың шаршы метр баспана пайдалануға беріледі деп жоспарлануда.

Соңғы жаңалықтар