Павлодарда 700-ден астам мұғалімнің еңбекақысы 50 пайызға дейін өседі

АСТАНА. ҚазАқпарат - Павлодар облысында жаңа оқу жылынан бастап аттестациядан өткен ұстаздардың еңбекақысы өсетін болады, деп хабарлайды pavlodarnews.kz.

Павлодарда 700-ден астам мұғалімнің еңбекақысы 50 пайызға дейін өседі

Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз жиынында облыстық білім беру басқармасы басшысының орынбасары Жомарт Қарамбаев айтты.

«Өткен оқу жылының аяғында жаңа үлгідегі мұғалімдердің аттестациялауы жүргізілген болатын, - деді Жомарт Қарамбаев. - Біздің мұғалімдер жақсы көрсеткіш көрсетті. Республикада алдыңғы қатардамыз. Облысымызда 46 мұғалім «Шебер педагог» біліктілігін растады. 728 ұстаз - «Зерттеуші педагог» деңгейін көрсетті. Бұл көрсеткіш кадр әлеуетінің сапалы деңгейін дәлелдейді. Аталған жаңашылдық педагог кәсібінің беделін арттырып, әділ еңбекақының төленуін қамтамасыз етеді. Қыркүйек айынан бастап жаңа санат алған педагогтардың еңбекақысы 50 пайызға дейін өседі. Бұл 50 мың теңге немесе одан да көп ақша болуы мүмкін», - деді ол.

Аталған санаттағы мұғалімдерге Білім және ғылым министрлігі тарапынан қойылған талаптар бар. Олардың тест тапсыруында жоғары талаптар қойылады. Мысалы, «шебер педагог» республикалық, халықаралық олимпиадалардың жеңімпаздарын дайындауы керек. Тәжірибесін облыстық деңгейде жалпылауы тиіс.

Спикердің айтуынша, жаратылыстану-математика бағытында өз пәндері бойынша ағылшынша сабақ үйреткен мұғалімдерге қосымша ақы төленеді.

«2018-2019 оқу жылында жаңартылған бағдарлама бойынша информатика, математика, химия, биология пәндерінен ағылшынша білім беретін ұстаздарға 35 мың теңге қосымша ақы төленеді. Өткен оқу жылында 192 мұғалім дәл осы бағытта еңбекақыларына қосымша ақы алды», - деді Жомарт Қарамбаев.

Сонымен қатар, басқарма басшысы орынбасарының мәлімдеуінше, өңірімізде 100-ден астам мұғалімдердің жетіспеушілігі бар. Олардың көбісі ауылдық жерлерде тіркелген. Бос орындарды жас мамандардың келуімен және зейнеткер ұстаздарды шақырумен толтыру жоспарланған.

Айта кетейік, Павлодар облысында білім беру орындарында 11,5 мың мұғалім бар.