Павлодарда академик Қаныш Сәтбаев ұстаған домбыра сақталып тұр

қаныш
Фото: anatili.kazgazeta.kz

ПАВЛОДАР. KAZINFORM – Академик Қаныш Сәтбаевтің Баянауылдағы мемориалдық музейі облыс орталығына «Қазақтың Қанышына – 125 жыл» атты көшпелі көрмесін алып келді. Қанағаңның жеке заттары мен фотожәдігерлер ғалымның қилы тағдырынан сыр шертеді.

музей
Фото: Мұрат Аяған

Бұқар жырау атындағы әдебиет және өнер музейінде өткен көшпелі көрмеде Қаныш Имантайұлының 30-ға жуық жәдігері ұсынылды. Оның ішінде ғалымның жеке пайдаланған заттары, әйгілі «Алгебра» оқулығының жаңартылған нұсқасы, домбырасы мен құжаттары, минералды тастар жиынтығы бар.

домбыра
Фото: Мұрат Аяған

Қаныш Сәтбаевтің руханият пен өнерге жақын жан болғанын ел ішіндегі түрлі әңгімелер нақтылай түседі. Кезінде Александр Затаевичтің қазақтың мың әні мен күйін нотаға түсіруіне Қанағаң түрткі болған. Әрі зерттеушіге ұлтымыздың 25 әнін айтып берген. Оның ішінде «Екі жирен», Ақан серінің «Мақпалы», Жаяу Мұсаның «Башқұлбайы», Естайдың «Қорланы», фольклорлық мұрадан «Қисса ән сарыны», «Арғы жағы-ай Ертістің» тарихи әні, «Ажар сарыны», «Жарылғап сарыны», «Әлди, бөпем» және тағы басқалары бар.

Академик өмірінің соңғы жылдары ұстаған сары домбыраны өзі 50-ге толғанда қызы Шәмшиябану сыйға тартқан екен. Сол тойға кеңестік 15 республиканың академиктері жиналып, Қаңағаңа деген айрықша құрметтерін көрсетсе керек.

киім
Фото: Мұрат Аяған
бәтеңке
Фото: Мұрат Аяған

– Жалпы Алматының өзінде Қаныш атамызға арналған үш музей бар. Әйтсе де, жеке заттарының ең көбі Баянауылдағы музейінде шоғырланған. Шамамен мыңның үстінде ғалыммен байланысты заттар мен бұйымдар бар. Баянауылдағы музей Қанағаң қайтыс болған жылы, ауданда практикадан өтіп жүрген студенттердің ұйытқы болуымен Қазақстанда алғашқы болып ашылған. Алғашқыда мәдениет үйінде кабинет ретінде тұсауы кесілсе, кеңейе келе қазір үлкен бір ғимаратты алып отырмыз. Музей ашылғанда қыздары әкесіне қатысты дүниелердің көбін тапсырған. Өмірінің соңғы жылдары ұстаған зерлі таяғы, көзілдірігі, «тройка» костюм-шалбары мен былғары жеңіл аяқ киімі, қаламсабына дейін әлі күнге жарқырап тұр,-дейді Сәтбаевтің Баянауыл мемориалдық музейінің басшысы Қайыргелді Абылғазин.

көрме
Фото: Мұрат Аяған

Екінші дүниежүзілік соғыста жауға атылған әрбір он оқтың тоғызы Қазақстанда, Қанағаң бастаған геологтар іздеп тапқан металдардан жасалғанын мектеп оқулығынан бастап жақсы білеміз. Фашистер Украинаны басып алғанда Жоғарғы бас қолбасшының тапсырмасы бойынша ғалым Қарсақпайдан 38 күннің ішінде марганец кенін тауып, шахтаны толық циклге қосқан. Осы және өзге де еңбектері үшін кейін 4 мәрте Ленин орденімен, 1 рет мемлекеттік сыйлықпен марапатталған. Ол кезде Ленин орденімен екінші мәрте марапатталғанда Социалистік Еңбек ері атағы берілген екен. Алайда Қаныш Имантайұлы байдың тұқымы екені назарға алынып, мұндай ұсыныс жоғары жаққа жасалмаған.

музей
Фото: Мұрат Аяған

Айта кетсек, бүгін Ақылбек Күрішбаевты қабылдаған Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Ғылым академиясының негізін қалаған Қаныш Сәтбаевтың 125 жылдығына арналған іс-шараларды жоғары деңгейде ұйымдастыру маңызды екенін айтты. 

жәдігер
Фото: Мұрат Аяған

Былтыр Үкімет басшысы Павлодар әуежайына академик Қаныш Сәтбаевтың есімі берілуі мүмкін екенін жеткізген. 

Соңғы жаңалықтар