Павлодарда Ақжар ауылы маңын тасқын су басты - ТЖД
ПАВЛОДАР. ҚазАқпарат - Павлодар облысы Май ауданы жазығында орналасқан Ақжар ауылының маңын су басты, деп хабарлады «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.
Павлодар облысы ТЖД-де Алматы-1-ден Павлодарға бет алған жолаушылар пойызы Дегелең темір жол стансасы маңында (Ақжар ауылына жақын жерде) су тасқыны салдарынан зақымданған жолға тап болды. Пойызға ресейлік Локоть, Кулунда стансалары арқылы жүруге тура келді.
Бұдан бұрын «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ жолаушылар пойыздарының маршруттары қауіпсіздік мақсатында өзгертілгені жайлы ақпарат таратқан: «№31 «Алматы-1-Павлодар», №376 «Астана-Лениногорск», №67 «Защита-Астана», №68 «Астана-Защита» жолаушылар пойызы РФ аумағы арқылы жүретін болды.
Осыған орай, жол жүру уақыты орташа 16 сағатқа ұлғаяды. Су тасқынының салдарын жою бойынша жедел штаб құрылды. Оқиға орнында 63 бірлік арнайы техника, 120-дан астам теміржолшы жұмыс істеуде. Қазіргі уақытта «ҚТЖ» ҰК» АҚ қалпына келтіру жұмыстарын жүргізуде.