Павлодарда алдағы қыста 189 жылыту пункті жұмыс істейді
ПАВЛОДАР. KAZINFORM — Ертіс-Баян өңірінің аумағында биыл қыста 189 жылыту пункті жұмыс істейтін болады. Оларға бір мезгілде 10 мың адам сыяды.
Павлодар облысындағы үлкен автожолдардың жалпы ұзындығы 5532 шақырымды құрайды. Қысқы кезеңде жергілікті маңызы бар автожолдарда қауіпсіз және үздіксіз жол қозғалысын қамтамасыз ету мақсатында облыс бойынша мердігер ұйымдар 270 арнайы техника мен 5400 тонна көктайғаққа қарсы материал дайындап қойған.
— Төтенше жағдайларды жою және шекаралас облыстар арасындағы өзара іс-қимыл жөніндегі іс-қимыл жоспарлары түзетілді. Сондай-ақ қыс мезгілінде халықтың тыныс-тіршілігін қамтамасыз ететін облыс ұйымдарының жоспарлары ретке келтірілді. Облыстық маңызы бар автожолдарда қар ұстайтын қалқандардың жалпы ұзындығы 8,36 км (ағаш — 6,41 км, темірбетон — 1,95 км). Қыс кезеңінде облыс аумағында 189 жылыту пункті жұмыс істейтін болады. Оларға бір мезгілде 10 мың адам сыяды. Азаматтық қорғанысқа қажетті күш қарастырылып қойды. Бұл — 2 мыңнан астам адам, ол қатарға біздің қызметкерлеріміз бен полицейлер, медицина және жол қызметінің қызметкерлері еніп отыр, — дейді Павлодар облысы төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары Қайрат Шаймарденов.
Еске сала кетейік, Павлодарда ауыл тұрғыны жолда босанып қалды.
Фото: Павлодар облысы Өңірлік коммуникациялар қызметі