Павлодарда әлеуметтік көмек алу үшін табысын жасырғандар анықталды
ПАВЛОДАР. ҚазАқпарат - Ағымдағы жылдың сәуір айынан бастап Павлодарда жаңа форматтағы атаулы әлеуметтік көмек 3275 отбасына төленіп, олардың 1940-ы – шартты, 1335-і шартсыз ақшалай көмек алды, деп хабарлайды pavlodarnews.kz.
Жуырда Еңбек министрлігінің баспасөз қызметі «E-Халық» ақпараттық жүйесіндегі дерек бойынша Қазақстанда 21 мыңға жуық отбасы аз қамтамасыз етілген және мұқтаж отбасыларға берілетін атаулы әлеуметтік көмекті алу үшін өздерінің нақты кірістерін жасырғанын мәлім етті.
Қалалық әлеуметтік көмек бөлімінің басшысы Әйгерім Мұстафинаның айтуынша, бүгінде бөлім Павлодарда атаулы әлеуметтік көмекті заңсыз алатындарды анықтау бойынша белсенді жұмыс жүргізуде. Тексерудің алғашқы нәтижелері де бар.

«Қазірдің өзінде 22 отбасы жаңа форматағы атаулы әлеуметтік көмек алу үшін құжат тапсыратын кезде табыстарын жасырғаны анықталды. Оларды жаңа деректер базасы есептеп шығарды. Сонымен қатар, жұмысшылар барлық үйлерге барып тексеруде. Адамдар жуырда автокөлік, басқа да мүлікті сатқанын немесе сыйлықақы алғандығын көрсетпейді. Әзірге, Павлодарда табысын жасырғандардың арасында бірде-бір көпбалалы отбасы жоқ», - деді Әйгерім Мұстафина.
Сәуірден бастап заңсыз алған АӘК-лерін отбасылар мемлекетке қайтаруға тура келеді. Қалалық әлеуметтік көмек бөлімі мамандарының айтуынша, әр отбасы үшін қаражат әртүрлі. Орташа есеппен 300-500 мың теңге.
«Егер өз еріктерімен қайтаруға келіспесе, онда бұл ақшаны сот арқылы өндіріп алуға тура келеді. Қайта атап өтейін, белгілі болғандай, бұл адамдар көмекке мұқтаж болмаған. Бірақ мемлекеттің көмегіне мұқтаж жандар да бар ғой», - деді Әйгерім Мұстафина.