Павлодарда алғаш рет республикалық театрлар фестивалі өтеді

театр
Фото: Аймауытов театры

ПАВЛОДАР. KAZINFORM - Биыл Алаш қайраткері, қазақтың көрнекті жазушысы, драматург, публицист, қазақ әдебиетін қалыптастырушылардың бірі Жүсіпбек Аймауытовтың туғанына 135 жыл толып отыр. Тұлғаның мерейтойына орай Керекудегі Аймауытов театры «Ертіс-Баян» I республикалық театрлар фестивалін өткізбекші.

Еліміздегі үздік өнер ұжымдарының қойылымдары бағаланатын театрлар додасы биылғы 20-25 қыркүйек аралығына жоспарланған.

- Фестиваль отандық театр өнеріндегі үздік жұмыстарды, заманауи театр үрдісінің негізгі тенденцияларын анықтау және театр өнерінің классикалық, заманауи мұралары арасындағы шығармашылық байланысты нығайту, актерлік кәсіби деңгейді шыңдау, театр әлеміндегі жаңа есімдерді анықтау мақсатында өткізгелі отыр. Ұйымдастырушы –Павлодар облысы мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының Ж.Аймауытов атындағы қазақ музыка-драма театры. Еліміздегі ең үздік деген спекакльдер Павлодар төрінде қойылып, жергілікті көрермен де өзге актерлердің өнеріне қарық болады деген ойдамыз. Бұл фестивальдегі негізгі талап – қатысатын жұмыстар бұрын өзге театрлардың сахнасында қойылмауы керек әрі соңғы бір жыл ішінде премьерасы өткен болуы тиіс. Бұл біздің өзге әріптестеріміздің арасындағы бәсекелестікті арттыра түседі деп сенімдеміз Қазірдің өзінде фестивальге қатысуға ниет білдіріп жатқандар баршылық. Тіпті сонау Италиядан хабарласып, қатысу мүмкіндігін біліп жатқандар кездесті, - дейді Ж.Аймауытов атындағы Павлодар облыстық қазақ музыка-драма театрының басшысы Арман Темірбек.

Қазіргі уақытта республикалық сынға қатысу жөнінде 7-8 театрдан өтінім түскен. Ал күзде бұл тізім 10-12-ге жетеді деп күтіліп отыр. Аймауытов театрының өзі биылғы маусымды туар айда қорытындылап, бес жылдық есеп беру мақсатымен Алматы, Талдықорған қалаларына гастрольдік іссапармен шығуды жоспарлап қойған.

Соңғы жаңалықтар
telegram