Павлодарда аналардың үй жағдайында босануы белең алып барады
ПАВЛОДАР. KAZINFORM — Жыл басынан бері облыстық жедел жәрдем стансанының қызметкерлері стандартты емес жағдайларда босануды 20 рет қабылдаған. Оның көбі үйде, ауруханаға барар жолда, немесе «қоңырауды ұстап тұру» әдісі арқылы болған.

Павлодарлық дәрігерлер соңғы жылдары үйде босану саны өсе түскенін айтып отыр. Бұл - алаңдатарлық жағдай. Себебі, медициналық мекеменің қабырғасынан тыс жерде босану ана мен сәби үшін қауіпті. Кез келген уақытта жағдай асқынып кетуі мүмкін.
— Босану — кез келген сыртқы факторларға байланысты ана мен сәбидің денсаулық ахуалы қиындауы мүмкін физиологиялық үдеріс. Мұндай асқынулар болған жағдайда үйде білікті көмек көрсету мүмкін емес екенін түсіну маңызды. Тіпті жүктілік кезеңі мінсіз өрбігеннің өзінде соңғы кезеңнің қалай дамитынын 100 пайыз болжау мүмкін емес. Бұған қоса үйде әрдайым стерильді жағдайлар бола бермейді. Бұл сәбиді дүиеге әкелген ананың да, жаңа туған нәрестенің де түрлі қауіпті инфекцияларды жұқтыру қаупін арттырады, - дейді өңірлік жедел жәрдем стансасы басшысының орынбасары Ирина Мищенко.
Дәрігерлер қағанақ суының ағуы мен әр 5 минут сайын толғақ қайталанған сәтте жедел жәрдем шақыру керектігін ескертеді.
Ал ең дұрысы босану мерзімі таяғанда өз бетімен перзентханаға барған абзал.
Бұған дейін Павлодарда ер адам зайыбын жол үстінде босандырып алғанын жазғанбыз.
Ал Екібастұзда жедел жәрдем келіп жеткенше әйел өзі босанып қойған еді.