Павлодарда апаттық жағдайдағы тұрғын үйді қаржы тапшылығына байланысты бұза алмай отыр
ПАВЛОДАР. KAZINFORM — Облыс орталығындағы екі жылдан астам уақыт бұрын 24 отбасы көшірілген апатты үй әлі күнге дейін қаңырап тұр. 2026 жылы ғимаратты бұзуға бюджеттен қаражат бөлінбеген.
Павлодардағы Центральная көшесі, 6 мекенжайында орналасқан көпқабатты үйде ешкім тұрмайды. Бірінші қабаттағы терезелер мен есіктер тақтаймен бекітілгенімен, бөгде адамдар ғимараттың ішіне әлі де кіріп-шығып жүр. Көршілердің айтуынша, қараусыз қалған үйге көбіне балалар келіп ойнап, терезелерін сындырады.
Көршілес үйлердің тұрғындары көпқабатты ғимараттың алдағы тағдырына қатысты түрлі ұсыныс білдіруде. Алайда бәрі де үйді қазіргі күйінде қалдыруға болмайтынын айтады. Себебі ол адамдардың қауіпсіздігіне қатер төндіреді.
— Ғимараттың шеткі плиталары ажырай бастаған. Зақымның қаншалықты күрделі екенін мамандар анықтауы керек. Дегенмен үй бір жағына қарай қисайып бара жатқандай көрінеді. Бұл бізді алаңдатады. Өйткені маңайда кішкентай балалар ойнайды, қарт адамдар жүреді. Үш жылға жуық уақыт өтсе де, мәселе әлі шешілген жоқ, — дейді Центральная көшесіндегі № 2 үйдің тұрғыны Сәуле Жұрқабаева.
Аталған үйдің тағы бір тұрғыны Ирина Климова ғимаратты жөндеп, баспана кезегінде тұрған азаматтарға беруге болатынын айтады. Оның пікірінше, бұл пәтерді қымбат бағаға жалдауға мәжбүр адамдар үшін тиімді шешім болар еді.
Павлодар қаласының әкімдігі 2026 жылғы бюджетте апатты үйді бұзуға қаражат қарастырылмағанын хабарлады.
— Қаржыландырудың болмауына байланысты мердігер ұйымды анықтау үшін конкурс өткізілген жоқ. Ғимаратты бұзуға қаражат бөлу мәселесі 2027 жылғы бюджетті қалыптастыру кезінде қайта қаралады. Ал бұл аумақта футбол алаңын салу мәселесі апатты үй бұзылғаннан кейін қарастырылады, — деп мәлімдеді Павлодар қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі.
Әкімдіктегілер спорт нысанын салу бұл учаскенің техникалық мүмкіндігіне де байланысты болатынын ескертті.
Еске сала кетейік, Павлодарда шатыры 80 млн теңгеге жөнделіп жатқан тұрғын үйге су кіріп, пәтерлер бүлінді.