Павлодарда ардагер педагогтарға алғыс білдіру акциясы басталды

ПАВЛОДАР. ҚазАқпарат –Павлодар қаласының білім бөлімі мен қалалық білім қызметкерлерінің кәсіподақ ұйымы бірлесіп, 25 тамыздан бастап «Ұстазға тағзым» атты акция ұйымдастыруда, деп хабарлайды ҚазАқпарат Pavlodarnews.kz сайтына сілтеме жасап.
None
None

Қалалық білім бөлімінің бас маманы Айгүл Бихиянова биыл бұрындары білім беру ұйымдарында басшы болып еңбек еткен ардагерлерді құттықтайтындарын атап өтті.
- Акцияның мақсаты - жас ұрпақты тәрбиелеуге қосқан үлестері үшін педагогикалық еңбек ардагерлеріне алғыс білдіру. Ардагерлердің үйлеріне барып, құттықтау хаттары мен құнды сыйлықтар таратылатын болады. Жаңа оқу жылының қарсаңында әріптестердің, ата-аналар мен оқушылардың құрметіне ие болған педагогикалық еңбек ардагерлеріне алғысымызды білдіреміз, - деді Айгүл Бихиянова.

Ардагер педагогтарға сыйлықтарды білім беру бөлімінің мамандары мен қаладағы мектеп директорлары үйлеріне барып табыстауда

Бүгін шаһардағы білім саласында 50 жылға жуық қызмет атқарған Камал Диярова сыйлыққа ие болды. Ардагер ұстаз еңбек жолын мұғалім болып бастап, директорлық қызметтен зейнетке шыққан.

Павлодардағы педагогикалық институтты ақтағаннан кейін 1971 жылдан бастап мұғалім болып еңбек еттім. №3 кешкі жастар мектебінде ұстаз болып, кейін индустриалды аудандық білім беру бөлімінде инспектор, директордың орынбасары қызметін атқардым. Одан кейін №14 мектепте директор, қалалық білім беру бөлімі басшысының орынбасары, №22 мектеп директоры болып жұмыс жасадым. 2008 жылы зейнетке шықтым. Бұл мамандықтың қызығы да, шыжығы да бар. Бар күшімді, білімімді еліміздің болашағына, балаларға салдым. Онымды мақтан етемін. Өміріме ризамын. Қайта мүмкіндік туса, еңбек жолымды мұғалім болып бастайтын едім, - дейді Камал Диярова.


Сонымен қатар, қаладағы балабақшаларда еңбек етіп, педагогикалық салаға 38 жылын арнаған Любовь Смирноваға да сыйлық табысталды.

- Маған балалармен жұмыс жасаған ұнайды. Алғаш жұмысты тәрбиеші болып бастап, қаламыздағы №115 және 165 балабақшада 15 жылдан басшылық жасадым. Осылай ардагерлерді еске алып, ұмытпағандарға алғыс айтамын. Қазір өзім мектепке дейінгі білімнің ардагерлер кеңесінің төрайымымын. Ардагерлерге көңіл бөліп қарағанның өзі, жылы сөздер айтқанның өзі оларға қуаныш сыйлайды, - деді Любовь Смирнова.


Акция аясында ардагер педагогтарға алғыс білдіру қазан айындағы Мұғалімдер күніне дейін жалғасады. 1 қыркүйектен бастап мектеп директорлары күн сайын сыйлықтар табыстайтын болады.
Еске салайық, Павлодар қаласында 300-ден астам педагогикалық еңбек ардагері тұрады.


Соңғы жаңалықтар