Павлодарда асхана кассирі 7 млн теңгеден астам соманы заңсыз иемденген
ПАВЛОДАР. KAZINFORM - Павлодарда асхана кассирі клиенттерден тапсырыс үшін төлемді өзінің банк картасына қабылдап, үш жыл ішінде 7,3 млн теңгені ұрлаған.
Сот материалдарына сүйенсек, әйел асханада 2014 жылдан бастап жұмыс істеген. Алғашқыда наубайшы болып еңбек етсе, 2020 жылы кассир қызметіне тағайындалған.
Ол кезде асханадағы қолма-қол ақшасыз төлемдер мекеме иесінің шотына аударылған. Кейін салық органдары тарапынан бақылаудың күшеюіне байланысты асхана қожайыны клиенттерден төлемді жеке шотына қабылдауға тыйым салады. Осыдан кейін кассир әйел тапсырыс берушілерге өзінің телефон нөмірін ұсынып, төлемдерді өз шотына қабылдай бастаған.
Алайда ол 2020-2023 жылдар аралығында түскен қаражаттың бір бөлігін асхана иесіне бермей, өзі алып қалып отырған.
- Кассирдың заңсыз әрекеті 2024 жылғы қаңтарда әшкере болған. Отбасылық жағдайына байланысты жұмысқа шыға алмаған кезде оның орнына кассада бухгалтер тұрған. Сол кезде бухгалтер клиенттердің тапсырыс ақысын кассирдің нөміріне аударып жатқанын байқап, бұл туралы асхана басшысына хабарлаған, - делінеді сот материалдарында.
Кассир жұмысқа шыққаннан кейін одан банк шотындағы үзінді көшірме сұратылған. Нәтижесінде клиенттерден түскен аударымдар есептеліп, келтірілген залал көлемі 7,3 млн теңге болғаны анықталған.
Аталған дерек бойынша полиция қылмыстық іс қозғаған. Сотта бұрынғы кассир өз кінәсін мойындаған. Сонымен қатар ол сот үкімі шыққанға дейін келтірілген материалдық шығынды толық өтеген.
Павлодар соты әйелді кінәлі деп танып, оған үш жыл төрт ай мерзімге шартты жаза тағайындады. Жаза ҚР жаңа Конституциясының қабылдануына орай жарияланған рақымшылық туралы заңның қолданылуын ескере отырып белгіленген.
Еске сала кетейік, Ақмола облысында 20 адамды алдап, 45 млн теңгеден астам шығын келтірген әйел сотталды.