Павлодарда «Ашық кітапхана» жобасы басталды

ПАВЛОДАР. KAZINFORM - С.Торайғыров атындағы облыстық кітапханада оқырмандар үшін «Ашық кітапхана» ашылды. Көпшілік жиі жүретін ашық ауада орналасқан кітапханада күн сайын 30-40 кітап пен журналдар қойылады.

Павлодар
Фото: С.Торайғыров атындағы облыстық кітапхана

Қала тұрғындарының бос уақыты шектеулі болғандықтан, кейде жұмыс уақытында кітапханаға баруға уақыты жетпей қалатыны рас. Сондықтан «Ашық кітапхана» жобасы оқырмандарға кез келген ыңғайлы уақытта кітаптарды пайдалануға мүмкіндік беру үшін ойластырылған. 

«Мұндай кітапхананың жұмыс істеу принципі қарапайым: «Кітапты ал. Оқы. Қайтар немесе басқасын алып кел». Ашық кітапхана қорындағы кітаптар әртүрлі жастағы аудиторияға арналған және түрлі талғамды қамтиды. Мұнда оқырмандар үшін салалық кітаптар және көркем әдебиеттер де жеткілікті. Күн сайын 30-40 кітап пен журналдар қойылады», - деп хабарлады облыстық кітапханадан.

Еске сала кетейік, мектеп кітапханашыларына педагог мәртебесі берілмек.