Павлодарда ауыл шаруашылығына 400-ден астам маман жетіспейді
ПАВЛОДАР. KAZINFORM – Ертіс-Баян өңірінде ауыл шаруашылығы саласында 444 маманға сұраныс бар. Әсіресе агроном, механизатор, ветеринар және инженер-механиктерге мұқтаждық басым.
«Атамекен» кәсіпкерлер палатасының сауалнамасы облыстағы ауыл шаруашылығы кәсіпорындарына қажетті кадрлардың жеткіліксіз екенін көрсеткен. Жалпы өңірдегі 614 кәсіпорында жұмысшы мамандарға сұраныс бар.
- Мысал үшін астықты терең өңдеу бағытындағы кәсіпорындар көбейгенімен, білікті технологтар мен зертханашылар тапшылығы сақталып отыр. Өңірде бидай қабылдайтын онға жуық ірі элеватор жұмыс істейді. Мұнда астықтың сапасын тексеріп, өнімнің талапқа сәйкестігін бағалайтын мамандар қажет, - деп хабарлады өңірлік кәсіпкерлер палатасынан.
Кадр тапшылығын азайту мақсатында облыста дуалды оқыту жүйесіне ден қойған. Бүгінде 144 кәсіпорын колледждермен бірлесіп мамандар даярлауға қатысады. Сонымен қатар кейбір аудандарда қысқа мерзімді кәсіптік оқыту бағдарламалары арқылы қажетті кадрларды жедел даярлауға мүмкіндік бар. Нарық сұранысына сай мамандарды жеке кәсіпкерлердің базасында оқыту да қолға алынған. Мәселен, Успен ауданында омарташыларды даярлайтын арнайы орталық ашылған.
Бұған дейін елімізде қандай жұмысшы мамандарға тапшылық барын жазғанбыз.