Павлодарда ауыл тұрғындары үшін ауызсу тарифі 30%-ға арзандады

ПАВЛОДАР. KAZINFORM — Прокуратура қабылдаған бақылау шараларының нәтижесінде облыс бойынша 45 мың тұтынушы үшін су жеткізу тарифі төмендетілді.

су құбыры
Фото: Kazinform

Павлодар облысының табиғат қорғау прокуратурасы су заңнамасының сақталуын талдады.

— ҚР Су кодексі ауыл тұрғындары үшін судың құнын төмендетуге бағытталған субсидиялау механизмін қарастырады. Алайда, облыстың бірқатар ауылдық елді мекенінде мәслихаттың шешімімен тек топтық су жеткізу жүйелерінен алынатын ауыз судың құны бекітілген. Ал жергілікті жүйелерден (бір елді мекеннің су құбыры) су жеткізу құны белгіленбеген. Бұл су жеткізуші кәсіпорындардың субсидия алуына кедергі жасады. Себебі субсидиялардың мөлшері мәслихатпен бекітілген текше метрлік су құнына негізделеді, — деп хабарлады өңірлік табиғат қорғау прокуротурасынан.

Табиғат қорғау прокурорының наразылығымен мәслихаттың тек топтық жүйелерден алынатын ауыз судың құнын реттейтін шешімі жойылып, барлық су жеткізу көздерін қарастыратын жаңа нормативтік құқықтық акті қабылданды. Енді мәслихаттың жаңа шешімі бойынша 1 м³ пайдаланылатын ауызсу үшін 185 теңге көлемінде төлемақы белгіленді. Бұл бұрынғы тарифтерден орташа есеппен 30%-ға төмен.

Облыс бойынша 45 мың тұтынушы үшін су тарифі арзандап отыр.

Еске сала кетейік, Қаныш Сәтбаев каналынан Шідерті алқабына су босатыла бастады.

Соңғы жаңалықтар