Павлодарда ауылдық амбулаторияны жаңғыртқан мердігер желдеткіш жүйесін орнатпай кеткен

ПАВЛОДАР. KAZINFORM - Әуелбек ауылында орналасқан амбулаторияны жөндеуге бюджеттен 82 млн теңге бөлінген. Жоба бойынша нысанда болаттан жасалған ауа өткізгіштер болуы тиіс еді.

амбулатория
Фото: Нұргүл Қайырденованың жеке архивінен

Ақтоғай ауданында болған кемшілік жайында «Әділдік жолы» РҚБ Павлодар облыстық филиалының жетекшісі Нұргүл Қайырденова хабарлады. Оның айтуынша, нысан «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында жөнделген.

- Әуелбек ауылындағы дәрігерлік амбулатория былтыр жаңғыртылған. Оның сметалық-құжаттамалық жобасын зерделеп, нысанның өзін қарай келгенде, мырышпен қапталған болат ауа өткізгіштердің жоқ екенін аңғардық. Бұл ұйымда адамдарға медициналық қызметтер көрсетіледі, соған орай ол жерде ауа алмасып тұруы керек. Ондай жағдай жасалмаса, қызметкерлер мен келушілер ауа аздығынан қиындық көруі мүмкін, - дейді Н.Қайырденова.

Бірлестік өкілінің сөзінше, ғимаратты жаңғыртуға бөлінген 82 млн теңге аз қаражат емес. Анықталған кемшілік бойынша тапсырыс беруші – Ақтоғай аудандық ауруханасына қатысты әкімшілік хаттама толтырылып, барлық ақауларды жою туралы ұйғарым жасалған.

Өңірлік денсаулық сақтау басқармасындағылар аталған нысанды күрделі жөндеу барысында шын мәнінде ағынды-тартқыш желдеткіш жүйесі монтаждалмай қалғанын растады. Қазіргі уақытта дәрігерлік амбулаторияда желдеткіш жүйесін қалпына келтіру жүргізіліп жатыр.